Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  140


Автор: Сырбай Мәуленов

Түйеасу

Тік қарасаң басыңа қан үйелер,
Тек тастар бар талдай қармап сүйенер,
«Түйеасу» деп атын бекер қоймапты
Тек бұл жерден асады екен түйелер.
Асу-асу... Қайғы-шерді қозғаған,
Қырандардың қияғы жоқ тозбаған.
Бұл асуда қанды көштер қамалып,
Ботасы өліп боз інгендер боздаған.
Жазда боран арылмайды басынан,
Сусындайды бұлттардың көз жасынан.
Мен келемін күйге созып қолымды.
«Чайкаменен» аттағалы асудан.
Аруанадай асу түрі тым қызық,
Бұлттарды ол көктен аулап тұр сүзіп.
Ракеталық самолеттер өтеді,
Найзағайдай жолын оның бір сызып.
Көрсетеді төңірекке тау ызбар,
Ол туралы талай-талай аңыз бар.
Сол асуға самолетке мінгенмін,
Түйе мінген қазақ-қырғыз қарыздар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу