Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  109


Автор: Сәкен Иманасов

Теңізде

Хайдолла Тілемісовке

Алдында орыс-қазақ ағайынның,
айдынға құлашымды талай ұрдым.
Хайдеке,
Қара теңіз дегеніңді
қаншама келді менің қақ айырғым...
Қаншама көкіректі кернеп арын,
желіктім,
жеткізем деп елге бәрін, —
Қайтейін, —
обыры бар,
содыры бар,
тоңмойын тобыры бар, —
келмеді әлім!
Жоламай былыққа да,
"шылыққа" да,
теңіздей жатсам деумен, тұнып қана,
түбінде мұңы қалған
ыңыранған
менің бұл көңілімді кім ұқты, аға!
Қайтер ең, —
(түгі де жоқ ұрсар мұнда).
айналып,
жігерің құм,
мұршаң мұңға,
Қаншама қарғымайын,
жарды ұрайын, —
қатыгез қара жартас тұрса алдыңда!
Сондайда...
арнасынан асып арын,
қаншама тасымадым...
жасымадым.
Келсе де көктей өткім. —
жетпей екпін,
теңіздей
тулап барып басыламын!
Келмеді,
қаншама бір, жүзгім өрге,
бермеді,
қасарласып, тізгін ел де.
Жаралған теңіз болып көкірегім,
айналып бара жатыр тұзды көлге!...
...Жақты ма жамбасына майда құмы,
шығады жағажайдың жайдары үні.
Хайдеке, кешіріңіз,
Қара теңіз
есіме салды-ау менің қайдағыны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу