Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  146


Автор: Сәкен Иманасов

Зауқым жоқ күлуге де, жылауға да

Зауқым жоқ күлуге де, жылауға да,
барады-ау қылқындырып мынау қала,
Желдетіп, жаңбырлатып келді күз де,
қалғаны енді бізге шыдау ғана!
Ұнай ма осы күнің, ұнамай ма,
қайтерсің, болмаған соң қылар айла.
Айналсаң әлдекімге ай қараған,
құдай-ау қайда барам шыдамай да!
Тәңірден тура келер сазай кем бе, —
бетінде қытығы бар азайды ер де,
пері де,
сері де емес,
пенде кебі,
қарағым, сенде мені қажай берме!
Жетпесе құлағына топтағы үнің,
естіге, есерге де жоқ қадірің.
Білмейсің күйесің бе, жанасың ба,
қалғандай арасында көп тағының...
Сөзімді өткізе алмай еш адамға,
айтқан соң арызыңды есалаңға.
Ақылың аңтарылып қала берер,
қалың ой қаңтарылып босағанда.
Күлгенің қайсы бүгін, күрсінісің,
түндерің, түнеріңкі күншығысың, —
Былығып мидай ғана кетті бәрі,
қалғанын айтпай-ақ қой... білсін ішің...
Құлқым жоқ күлуге де, жылауға да,
бара ма буындырып мынау қала?
Керілген атанаққа Айсадайын
қалғаны енді бізге шыдау ғана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу