Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  114


Автор: Мақсұт Неталиев

Тағдырмен тайталас немесе өзім жайлы өлең

Тағдырым, осыншама қатал неткен!
Қорқытты талай рет: "Атам!" -деп те.
Тіресіп төрт жасымда-ақ жатып алды,
Жәңгір хан алысқандай Махамбетпен...
Нақ менде өші бардай бұрыннан-ақ,
Салғаннан қасарысты қырын қарап.
Тірлікпен тумай жатып арпалысу -
Өмірдің заңы түгіл, ұғымға жат!
Бітпесін, - деді ме әлде, - маған қанат,
Жер тістеп жатып алды табандап-ақ.
Тағдырдың бүргеніне бұға түсу -
Тегінде, дені дұрыс адамға жат! ..
Тағдырға ерегескен кекті күймен,
Қоштасып төрт жасымда-ақ кеттім үйден.
Қарсы алды мейіріммен дәрігер ана,
Жалтылдап қолындағы өткір ине...
Онда мен балапан ем бесіктегі,
Белгісіз өмірімнің есік-төрі.
Еділдің жағасында - госпитальда,
Емдеді хирургтар кесіп мені...
Білмеймін "бұл үйімде" қанша жаттым,
Әйтеуір, жеңілмеппін, шаршамаппын!
Қадірін сонда білдім ел-жұртымның,
Қадірін сонда білдім әр сағаттың...
Демеймін: "Өзге жұрттан тегім керім",
Сенгенім, Сүйенгенім - Елім менің!
Дем берген ел-жұртымның арқасында,
Тас бауыр тағдырдан мен жеңілмедім!
Бақытым тұрса-дағы таяқ тастам,
Сүріндім соған қарай аяқ бассам.
Туған жер топырағына орала алмай,
Мен болдым үйірімнен саяқ қашқан.
Мен жайлы туған-туыс, дос біледі,
Білім ап, аман-есен өстім енді...
Бақыттың баспалдағын аттағанда,
Кездейсоқ оқиғалар тосты мені...
Кім берді, - таң қаламын, - күшті маған?
Ұмытылмас кезім болды үш құлаған:
Бірінде заңғар үйдің төбесінен,
Аңдамай ұшып кетіп, түстім аман!
Болмады тағы бірде құтты қадам,
Рульде келе жатқан мықты маман...
"Волгамыз" терең суға төңкеріліп,
Кетті де...
Өлмей тағы шықтым аман!
Кім көрген жолы қиын тауға жүріп.
Теп-тегін беріле ме, жауға жігіт?!
Қараңғы тұман еді, бұ жолы да
Кеттік біз биік құздан аударылып...
Жігітке үш-ақ нәрсе "жазым" дейді:
Сәтсіздік кездессе де қазір мейлі, -
Операция мағынасында.
Бәрібір тағы да аман қаласың деп,
Достарым жиын-тойда әзілдейді... Әумин!..
Күлме, достар, тоқта! Шыда!
Әркімнің есен болғай от басы да...
Үш рет ажалменен арпалыстым,
Жазмышта төртінші өлу жоқ та шығар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу