Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  233


Автор: Әбіш Кекілбаев

Археология

Жер үстінде қызыл төмпек құм қалды,
Талай шөптің қыршып кетті тамырын,
Археолог қырнап-жонып жылдарды,
Ғасырлардың аршып жатыр қабығын.
Қасапшыдай қос білегін сыбанып,
Қолда пышақ жалақ-жалақ етеді.
Жердің төсін көптен жапқан құлазып,
Ту биенің сүбесіндей кеседі.
Археолог таңдайын көп қағады,
Қасапшыдай қалың майға сүңгіген,
Қызыл оба - қызылы жоқ жабағы,
Жауыз жылдар бауыздаған сүңгімен.
Қызыл оба - қызылы жоқ жабағы,
Жауыз жылдар жайратыпты сүңгімен.
Археолог, аялдашы шамалы,
Бұл күннің де ет-жүрегін үңгімей.
Археолог - күрең білек қасапшы,
Ғасырлардың ішек-қарынын ақтарды.
Жер астынан тауып тат-тат масақты,
Сүртіп жатыр ұшындағы жас қанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу