Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  147


Автор: Фариза Оңғарсынова

Зәрулік

Тыным таппай, арылмай жаның жүктен,
барған сайын жылыстар таңың күткен.
Жайлы өмірге талпынған Адам шіркін
құтылмайтын болды бір зәруліктен.
Адамдыққа зәруміз, сабынға да,
мейірім жоқ. Ойымыз – қарын ғана.
Өмірінің бар мәні - өз сәбиін
күлге лақтырып бұл күнде қағынды ана.
Бас бұрғызбай уақыттың даң-дұңдары,
қия шабыс өмірің арды ұрлады.
Желге ұшқандай жоғалып бара жатыр
жібі түзу, жөн білер жанның бәрі.
Шынайы емес менің де мәнім, ісім,
ұмтылысым жоғалды, сағынышым.
Зәру затқа айналды соның бәрі.
Кейде жоғымды іздеймін жанып ішім.
Табылмайды. Сандалып сенімді үгем,
жоқтамасаң күн көру жеңіл, білем.
Басқаларда бар ма деп келем іздеп
менен көшкен қасиеттерімді мен.
Мен секілді зәрулер мың сан екен.
Сергелдеңнен сенімім сынса не етем.
Мәніс білер жандарды табу үшін
қайда, қандай кезекке тұрсам екен?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу