Өлеңдер ✍️

  30.04.2021
  320


Автор: Ұлмекен Лесбекова

Сарайшық… Ғұмырлар (Қазақ хандығының 550 жылдығына орай)

Тәуелсіздігін алған ел атынан
Қазақ Хандығын құрған тарихтағы
кіші Жәнібек патшаның
мүрдесі қойылған Жер турасында
Автордан


Заманнан заман өткеріп, Ғасыр оңдарын
Көрінде күтіп жатқан-ды асыл оғланым.
Шыңғыстық ұрпақ Ордасы,
Хан патшалығы –
Сарайшық жатыр жасырып
тасын-жондарын.


Сарайшық қала – Жошының ұрпағы өнген,
Ұланы көркем Орданың, құланы өрген.
Бақшалы Алтын Хандықты, алайда, дүбір
Дәуірлер таптап, қазандық мұраны көмген.


Көп ханнан ерек хан өтті, ол – дара Жәнібек,
Дау шатқан талай елдерге ара Жәнібек.
Қастандық көріп сарайда кебінін киген,
Өсірген ұлдан жүрегі жара Жәнібек.


Жадағау жазған құпия қыр оғыз көне,
Ендеше, осы, Жәнібек – сыр, … сол, құз дене.
Қырында киік жайлаған патшалық көрген
Күрсінді сонда Асандық қыл қобыз неге?


Күрсінген болар хабарлап келешек жақтан,
Хандармен бірге осында ер дөңсек жатқан,
Алтын Ордалық Жәнібек моласын мұнда
Кіші Жәнібек патша деп ел кешпек мақтан.


Ұрпағын кешер осы күн моланың кері,
Айғақ еткісі келгені қару қаламым сені.
Ақтық сапарға аттанған Алтын Ордада
Он жетінші хан Жәнібек, ұлы даланың Ері.


Тарқатсақ терең тарихты тұрғанда мәні кеп,
Қазақ Хандығын құрған Хан – кіші Жәнібек.
Алыптан асқан Хандықтың иесі жатқан жер –
Қаратау аймақ. Даланың шүбәсіз заңы бек.


Жәнібек төре задынан текті арыс-ты,
Ақыл күшімен арыстандармен алысты.
Шайбани шахпен қас өткен, бірақ, ғұмырлар
Жерленіп бірге қара жер асты табысты.


Аттанған сапар ақтыққа ерлерден бөтен,
Төресін табар ұрпаққа сенген де мекен?
Беймәлім себеп, кіші Хан Сарайшық емес,
Қаратау беттеп, Созаққа жерленген екен.


Көрінде разы болса деп қазақтың жаны,
Жол түсті, бабам, атқанда Азаттық таңы.
Көк күмбез де көрінбейді алдан… Жә, жетер,
Топырағың торқа болсын, Қазақтың Ханы!


2015жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу