Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  522


Автор: Мұқағали Мақатаев

Бұлт

(І - НҰСҚА)

Тұңғиық, түпсіз көк аспан
Жайымен ғана жатыр сұлқ.
Керуендей адасқан
Келеді жылжып бір топ бұлт.
Дауылдың құлы қошқыл бұлт
Көмескі торға байланып,
Бойында күші етпей былқ,
Барады қайда айдалып?
Бұлтты кенет буды ашу,
Долдана дауыл сыпырды.
Көк беті болды уда-шу,
Найзағай оғы атылды.
Тәкәппар, долы тынды жел,
Бұлт өксіді еңіреп.
Қарық болды қара жер,
Қайғылы жасын төгіп ед.
Кенет дауыл сап етті,
Қайтадан мініп қалпына.
Бұлтты айдап әкетті
Бұрылттырмай артына!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу