Өлеңдер ✍️

  14.06.2023
  224


Автор: Серікбай Оспанов

Айыра алмайтын кезіңде қараңғы мен жарықты...

Айыра алмайтын кезіңде қараңғы мен жарықты,


Ән атасы аралап жүріпті бар халықты.


«Қалауың не?


Өлең бе?


Әлде қойлы көген бе?!» –


Деп ол бірде қазақтың қалауына салыпты,


Сонда жанның азығы – әнді ол таңдап алыпты.


 


Қазағым-ай, қазағым,


Ұйқтап жатқан халықты


Ұйқысынан оятып өлеңімен шабытты,


Әнмен таңды атырып, әнмен күнді батырып,


Жауға шапқан батырлар әнмен ұран салыпты.


 


«Өнер алды – қызыл тіл» қазағыма дарыпты,


Қазағым-ай, қазағым, ұмытып бар азабын,


Кетеріңде жат жұртқа әнмен қызы қоштасып,


Ән айтып ел шаттанып, ән айтып ел қамықты.


 


Қиын-қыстау кездерде, жалын ойнап көздерде,


Өлтірмепті ән-жырын жарық етіп тамұқты.


Қазынасы – өнері қазақ деген халықты,


Бар әлемге бақыты – жыр мен күйі танытты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу