Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  259


Автор: Жүніс ӘМІРЕ

ӨТЕР БҰЛ КҮН

Зікір етіп жан-Аллаңмен табысқын,
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.
Хақтың тура жолын тауып жабысқын,
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.
Бұзба ниет тура жолға кіргенде,
Жұрдай болып жатпашы ертең тұл көрде,
Сің Аллаға – сырға толы түндерде,
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.
Сұм дүнияның қызығына алданба,
Тәннен безіп, рухың кетіп қалғанда
Ақтық киім – кебін ғана жалғанда,
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.
Тон тоздырып, тәрік қылып өзіңді,
Кітап оқып, көпке арнадың сөзіңді. –
Біле алдың ба – ғафыл өткен кезіңді? –
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.
Жүніс сөзі, бауырым, Сізге ишара,
Қанды жасты жанарыңнан құй-сәна.
Бұл – насихат саған, дәруіш-бишара,
Өтер бұл күн, қолға қайтып оралмас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу