28.12.2022
  127


Автор: Сейітқұл Оспанов

ҚЫЗЫЛ ВЕЛОСИПЕД

– Асқар! Асқар деймін!


Күн әлдеқашан ұясына қонған. Жаздың ұзақ кеші. Дала әлі самаладай жарық. Балалар ауылдың сыртында қалың жыңғылдықта жасырынбақ ойнап жатқан-ды. Асқар бағанадан бері көп әуреге түсіп, талай жерді шарлап, бірақ ешқайсысын да көңіліне қолай көрмей, жаңа ғана жайлы, «құпия» бір орынды тапқан-ды. Жатқан жері – айқыш-ұйқыш дарақ бұтақтары бір-бірімен шырмалып, айқасқан үш түп кәрі жыңғылдың түбі, айна­ласы қоңыраулы шеңгел, шоқ-шоқ баялыш, нағыз джунгли – ит тұмсығы батпайтын ну жыныс. Жан-жағында ешқандай сетік-саңылау жоқ, сырттан ештеңе, тіпті мөлдіреп аспан да көрінбейді. Асқар өзіне-өзі дән риза. Тура бір шөмеле шөптің арасына түсіп кеткен ине секілді. Бұл жерден оны Серік түгілі (іздеуші Серік болатын), кинодағы әйгілі Штирлицтің өзі таба қоюы екіталай.


Бірақ «Асқар, Асқарлаған!» мына оқыс айқай тоқ көңіліне алаң енгізді.


«Бұл кім? – деді күбірлеп. – Серік пе? Тапқан екен ашық ауызды! Мен дыбыс береді деп ойлайды ғой, шамасы. Алдап соқпақшы. Қулығын қара. Сөйтіп менің жатқан жерімді біліп алмақ. Ол ойы бола қоймас. Алайда мынау оның даусы емес тәрізді. Мультфильмдегі қоянның барабан ұрысындай шіңк-шіңк етеді. Ал Серік болса, сыбызғы тартқандай созып тұрушы еді ғой үнін. Кім сонда? Әлде ойнап жүрген өзге балалардың бірі ме? Жоқ, олардың да дауыстарына ұқсамайды. Әйтеуір кім де болса арандатып тұр. Әйтпесе ойын шарты бойынша тығылып жатқанымды біледі. Бәлем, ерегіскенде қыбыр етсем, кәне. Тамағын жырта берсін... Бір кезде қояр...»


Кенет әлгі айқай тағы естілді. – Асқар! Асқар!


Дауысты     енді      ғана      таныды.     «Ойбай-ау,     мынау     төбе     басындағы Жолдасбайдың баласы Алмас қой. Бұл жақта не бітіріп жүр? Не керек өзіне? Мені неге іздеп тұр? Не демекші?» Асқар бәрібір тырс үндемеді. Мынау керемет жерден дыбыс беріп, қармаққа түсіп, іздеушіге – Серікке оңай жем болар жайы жоқ. «Асқар, Асқар деп қылғына бергенше не үшін келгенін неге айтпайды?»


Алмас Асқардың бұл күбірін құлағы шалып қалғандай, тағы да айқайға басты.


– Асқар! Шық бері! Қайдасың? Қаладан тәтең келді. Саған белсебед әкелді! Не дейт! Велосипед! Асқардың бұдан әрі бұғып жата беруге шыдамы


жетпеді. Ойын шартын жадынан шығарды. Кірген ізін іздеп әуреленбеді, орнынан фонтанша тіп-тік атып тұрды. Үсті-басын жыңғыл бұтақтары жыртқылады. Асқар бұған қарайтын халде емес еді.


– Шын ба?


Асқарды қайдан табам деп, құмның үстінде жан-жағына алақ-жұлақ қарап тұрған Алмас, жерден жеті қоян тапқандай, аптығып-асығып дыбырлай жөнелді.


– Шын айтам! Өз көзіммен көрдім! Су жаңа «Урал!» Қып-қызыл. Өрттей қып-қызыл! Сүйіншімді бер!


– Сүйінші ме? – Иә. Сүйінші.


Асқар Алмастың қасына жетіп келді.


– Сүйіншіңе, мә, бір тықымай!


Бас бармағын Алмастың шекесіне қадап тұрып, бір тықымай алды.


Алмас аң-таң. Сонша жерден ентігіп келгенде күткен сыйы осы ма? Оң қолымен удай ашыған шекесін сипалады.


Асқар ауылға қарай дедек қақты. Жүгіріп бара жатып артына қарап бір айқайлады:


– Алмас, ренжіме, қуанғаным ғой!


– Бүйтіп қуанғаның құрсын... – Алмас ықылассыз күңк етті.


Өткен жұмада тәтесі қалаға емханаға көрінуге кеткен-ді. Асқар: «Тәте, қайтарыңда міндетті түрде велосипед алып кел!» – деп құлағына құйып жіберген... Міне, күткен күні келді. Арманы орындалды. Бірақ өз көзімен көрмей сенер емес. Күдіктенетін де жөні бар.


Былтыр күздің аяғында мамасы: «Белсебедті қайтесің, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, үстіңде жөні түзу сырт киімің жоқ», – деп кеңшардан әдемі, қалың, жылы, сұр пальто сатып әкеп берген-ді. Бірақ қуанудың орнына: «Маған пальто қажет емес, велосипед керек!» – деп жер тепкілеп, еңіз-теңіз жылаған. Сөйтіп пальтоны құлықсыз киді. Биыл көктемде облыс орталығында оқитын студент ағасы базарлыққа қол сағат әкелген. Асқар онда да «неге велосипед әкелмедің?» – деп қиғылық салған. Осы үлкен адамдар қызық, бәрін керісінше істейді. Бала су ішкісі келсе, сүт береді. Ойыншық орнына, киім әпереді. Қызық, Асқардың еркіне салса, аш-жалаңаш жүруге бейіл, тек велосипеді болса, жарады. Сағаттың қажеті қанша? Бұл уақытпен жүріп-тұратын қызметкер немесе студент емес. Әзір уақытпен есептес­пейді. Пальто да артық. Жадағайы бар ғой. Әлі жібі түзу. Ауыл іші, ешкім сынамайды. Қыс дейді, боран ала ма сонша, үй мен мектептің арасы таяқ тастам. Ал ойынға күпәйке де жарап жатыр. Көзді ашып-жұмғанша аяғы аннан-мыннан тиіп, үйге де жетті. Есіктің аузында сүйеулі тұрған қызыл велосипедті көргенде, қуаныштан тілі күрмеліп


қалды...


Тәтесімен амандасуға да мұршасы болмады, келді де қызыл велосипедтің камеріне жел толтырып, ершігін, рулін түзеп, кілтпен о жер, бұ жерін қатайтып бұрап, көшеге шықты. Сол-ақ екен, он метр жүрді ме, жүрмеді ме үйме-жүйме балалар қоршап алып, Асқардың қызыл велосипедін жарыса мақтай жөнелді.


– Ой, қандай әдемі! – Қып-қызыл!


– Велосипедтің төресі!


– Спортшыныкі сияқты, дөңгелегі жіп-жіңішке. Мұндай велосипед анау-мынау құмға тоқтамайды, тіліп өте шығады.


– Ал тақырда табаны жерге тимейді. – Желден жүйрік!


Асқардың мерейі әбден өсті. Онсыз да кеудесіне сыймай тұрған қуанышы одан әрі тасып-төгілді. Кілең жылы сөз, жақсы сөз. Бәрі қызыл велосипедтің арқасы. Бір сәттің ішінде осыншама қуанышты бастан кешем деп ойлап па.


Балалар бір кезде мақтап-мақтап болды да, өтінішке, жалынышқа көшті. – Асқар, бір теуіп келейінші.


– Дос едік қой.


– Анада бір уыс асық бердім емес пе. – Бір айналайын...


Асқар ешқайсысының да көңілін жықпады. Несіне қызғанады? Бәрі де достары. Бірге ойнап жүрген балалар. Бірде-бірін ренжіткісі келмеді.


Балалар қызыл велосипедті қолға тигізбей, бірінен соң бірі алма-кезек тебумен болды...


Әне-міне дегенше ымырт үйірілді. Айналаны қараңғылық басты. Балалар үйді-үйлеріне тарқады. Қызыл велосипедін жетектеп Асқар да үйіне келді.


Түнде әлден уақытқа дейін кірпік ілмеді. Көкірегінде қуанышпен қоса әлдебір өкініш, реніш те бар секілді. Әлдекім алдына бір табақ бал әкеп қойып, Асқар сол балдан жеңсігі басылғанша тоя бір жемегендей. Себебі ол су жаңа қызыл велосипедін бүгін құмары тарқағанша рақаттанып бір теппеген еді. Кеш бойы қолына тиген жоқ. Балалар кезектесіп тебумен болды. Бәрі де достары. Көңілін қимады... Достар жақсы-ау, бірақ өзінің көңілін қалай жұбатады?


Түн ортасы ауа ай туды. Аспан сүт-сәулеге бөленді. Жер бетінен бес тиындық қара бақыр да ап-анық көрінетіндей. Дала күндізгідей жап-жарық.


Асқар көңілін жұбатуды ойлады. Ұйқысы келмеді. Бүгін таң атпайтындай боп көрінді оған. Сәкідегі төсегінен еппен тұрды да, тамның іргесіндегі қызыл велосипедінің үстіне шабандоз жігіттерше қарғып мініп, ақ көйлегін делеңдетіп жел кернеп, ауылдың арғы басындағы ат шаптырым тақырлыққа қарай құйындата жөнелді. «Түн ортасында бұл неғып жүрген адам?» – дегендей, тынық ауаны бастарына көтеріп, үй-үйдің алдынан көпек иттер Асқардың соңынан маңқ-маңқ үрді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу