28.12.2022
  170


Автор: Сейітқұл Оспанов

СӘЛЕМ БЕРДІК, ӘЖЕ!

– Уфф!


Ұлмекен әже көкірегі қарс айрыла терең бір күрсінді.


Бөлмедегі тым-тырыс тыныштықтың шырқы бұзылды. Ержан сабаққа дайындалып отырған-ды, әлдекім үстінен мұздай су құйып жібергендей, дереу кітаптан басын жұлып алды.


– Не болды, әже? – Жәй...


Ержан әжесінің бетіне таңырқай қарады: жоқ, жай емес, үнемі нұрланып, мейірім төгіп тұратын қос жанары жылусыз, сұп-суық; қабағы түнеріңкі, маңдайына бұрынғысынан да көбейіп, шиеленіскен жіптей шүпірлеп әжім толып кетіпті.


Ержанның көңіліне беймаза алаң кірді, кітап бетіне қарай алмады. Каламсабын тістелеп әрі-сәрі күйде біраз отырды. «Әжем неге күрсінді?» Басында жалғыз-ақ осы сұрақ тұрды. Әжесінің бұрын-соңды бүйтіп қатты күйзелгенін көрген емес-ті.


– Біреу ренжітті ме? – деді батылсыздау.


Үйде әжесінің бетіне жел боп тиетін ешкім жоқ. Көкесі мен апасы қас-қабағын бағып отырады. Тамағы дайын. Кір-қоңы жуулы. Төсегі салулы. Сыйлап, құрметтейді. Әлде тентек Сәкен інісі бірдеңені бүлдірді ме? Бірақ әжесі оның тентектігін еркелік деп біледі. Бұл үйде оған ешкім ауыр сөз айтпайды.


– Жоға...


– Енді не? Неге күрсіндің?


Әжесінің ашық-жарқын қабағына, аялы жұмсақ алақанына, ақылы мен қызық ертегі, әңгімелеріне бойы үйренген Ержан оның мына мүшкіл халін көріп, қатты кұлазыды.


Әжесі шынында да әлденеге ашулы екен, немересінің бір ауыз сөзін көтере алмай, күйіп-пісті.


– Сонша тергеп қайтесің, балам-ау... мені құдай ренжітпесе, кім ренжітсін. Қарттық та сол баяғы. Көз мынау кіреуке, аяқ жолымды көруден қалдым, есіктің аузынан бір елі сыртқа аттап шыға алмаймын. Азаннан қара кешке дейін баққаным – төрт қабырға. Үйге сыймаймын. Мұны да қойшы, қарттық әркімнің-ақ басына туар зауал ғой, бәрінен бұрын кәдірімнің кеткені қинайды. Елеп-ескеріп, бір кісі келіп, сәлем бермейді, хал-жағ­дайымды білмейді. Бұдан өткен азап бар ма... Дүние-ай десейші! Бұлай болады деп кім ойлаған...


Сөзінің аяғы шірік арқандай үзіліп-үзіліп кетті. Ержан апалақтап әжесінің жанына келді.


– Қойшы, әже, сонша...


Кереуеттің үстінде жатқан сүлгіні ала сап, әжесінің дымқыл­данған көзін сүртті. Не деп жұбатарын білмеді. Оны-мұны айтып, тәтті-мәттімен алдайтын бала емес, ақ шашты әп-әйдік қарт. Ержан әбден қиналды. Аузына жөндем сөз де түспеді.


– Арманым жоқ, бақыттымын деуші ең ғой...


Екеуі бірін-бірі көптен бері жаңа көргендей, тас қып құшақтады. Әжесінің көңілі босады.


– Шүкір, шүкір. Бақыттымын. Ұлым – ұяда, қызым – қияда. Өзіңдей құлдыраңдаған құлын немерелерім бар... Бұдан артық не керек. Бұның өзі бір адамға аз қуаныш емес.


– Ендеше қайдағы бір жұрт сәлем бермеді деп неге ренжисің? – Неге ренжімейін. Сен нені түсінесің...


– Бәрін де түсінемін, әже.


– Түсінсең былай, өзің балалармен ойнамай, жападан-жалғыз бір күн үйде отырып көрші...


Ержан кәдімгідей ойланып қалды. – Ішім пысар еді...


– Міне, мәселе қайда. Әжең де сол. Сен кішкентай бала болсаң, мен үлкен баламын. Бір күн емес, екі күн емес, үнемі үй күзету... Оңай емес. Біреу-міреу сәлем беріп, оны-мұны айтып әңгімелессе, көкірек сарайым ашылып, бойым жеңілдеп, жаным жадырап қалады. Көңілі құрғыр жаман...


Ержан әжесінің «көңілі құрғыр» деген сөзінен көп нәрсенің байыбына барғандай болды.


Шынында да әжесінің күрсініп, күйзелетін реті бар. Ден-қарыны сау кезінде бұрын сәлем берушілер көп-ті. Бірі жүн түттіріп алады. Екіншісі жіп иіртеді. Қайсыбірі ши орауға шақырады. Киізге ою-өрнек салып бер деп қолқа салады. Алаша, құр тоқитындар ақыл-кеңес сұрайды. Әйтеуір әжесін үйде бір мезгіл тыныш отырғызбайтын. Әжесі ісмер, бәрін біледі, бәрін үйретеді. Он саусағынан өнері тамған шебер. Бірде жазда оның Зинегүл апаның киіз үйін жықтырып, қайта тіктіргені бар. Алты қанат ақ үйді сәнін кетіріп қалай болса, солай жарбитып тіге салыпты. Соған кәдімгідей бұлқан-талқан ашуланып, Зинегүл апаға: «Бұл не масқара, қазақтың әйелі дұрыстап үй тіге алмады деген не сорақылық! Жұрт ертең күлмей ме?» – деп қатты ұрысты. Содан бері олақ келіншектер одан айбынатын болды.


Әжесінің арқасында Ержан да армансыз дәурен кешті. Қонаққа, той-томалаққа бара қалса, Ержанды қасына ертіп алады, тәтті-дәмдіге тойдырады. Ержан не айтса, әжесі айтқанының бәрін істейді. Әжесі – қорғанышы...


Қорғанышы демекші, бірде үйге алыстан қонақтар келді. Ауыз бөлмеде ойнап жүрген Ержан мен Сәкен бір кезде әлденеге бола айқайласып, төбелесіп қалды. Жуық арада мәмілеге келе қоймады. Төргі бөлмедегі кісілердің мазасын кетірді. Сол-ақ екен, кенет көкесі ашуланып, ауыз бөлмеге жетіп келді де, Ержанды дедектетіп қолынан сүйреп, сарайға апарып қамады. Сөйтті де сарайдың есігінің құлпын кілттемей сыртынан бос іле салды. Кешкілік мезгіл, күн ұясына батқан шақ еді. Сарайдың іші тастай қараңғы. Ержан алақ-жұлақ қорқа бастады. Бұрыш-бұрыштан әлденелер қыбыр-жыбыр, сықыр-сықыр етіп, зәресін ұшырды. Бір кезде, сірә, тышқан болуы керек, бірдеңе мұны мазақтағандай шиқылдап қоя берді. Онсыз да әрең отырған Ержан осы сәт бақырып жылап жібере жаздады. Ішінен: «Енді ініммен төбелеспеспін!» – деп ант-су ішті. Ақыл кірді. Бірақ көкесі мұны мүлде ұмытып кеткен секілді. Кір-кір терезеден мөлтеңдеп там жаққа қарады. Ешкім жоқ. Телміре-телміре көзі талды. Әлден уақытта тамның сыртқы есігі жаймен сықырлай ашылды. Көзіне оттай басылды: әжесі! Таяғына сүйеніп, галошын тырпылдата сүйретіп шығып келеді. Ержан қуанғаны сондай:


– Әже! – деп айқайлап жіберді.


Әжесі анық естімеді ме, бірден мойнын бұрмады. Тағы шыңғырды. – Әже!


Осы сәт әжесі қалт тұра қалды. – Бұ кім?


– Мен ғой, мен. Ержан...


– Е, жеті түнде неғып жүрсің? – Көкем сарайға қамап қойды... – Неге?!


– Сол... – Көкірегіне лықсып әлдене келді. Мұңын шаға жөнелді...


– Қап! Сарайға қамағаны несі! Жеті түнде баланың жүрегін ұшырып. Қазір көрсетейін мен оған... Мінезі қатты дегенде, өсте ме екен сонша.


Таяғымен алды-артын түрткілеп, айналасын қаймалап, аяғын әдеттегіден жылдам басып жүріп келді де, сарайдың есігін ашып, Ержанды «қамаудан» босатты. Сосын үйге кіріп, көкесін ұлы айқайдың астына алды. Қонақ отыр екен деп саспады.


– Сарайға қамамақ түгіл, бұдан былай қабағыңды түйіп көр! Көзім тірі тұрғанда, немерелерімнің бетіне жел тигізбеймін. О несі-ай! Бала емес пе, ойнайды, төбелеседі... Бәрің де бала болып көрген шығарсыңдар.


– Апа, қойдық, қойдық... – дегеннен басқа көкесі қарсы бір ауыз сөз айта алмады. Ержанның мерейі үстем тұрды.


Айта берсе, әжесінің бұдан өзге де жақсылығы көп...


Міне, сөйткен әжесі бүгін қамығып, күрсініп отыр. Көңілін қалай көтерсе екен? «Әжеме сәлем беріңдер!» – деп үй-үйге кіріп, жұртты жетелеп ертіп әкеле алмайды. Өздері түсінбегесін, сөз шығын ғып керегі не? Бәлкім, мың сан шаруалары бар, қолдары да тимейтін шығар. «Әжеме сәлем бермедіңдер» деп кінәлау артық.


Енді қайтпек?


Ержан әжесін қатты аяды. Не қылса да бір амал табуы керек. Сабаққа әзірленбекші боп, әрі-бері кітаптың бетіне қарап еді, миына ештеңе қонбады. Ақ әжесі, асыл әжесі мынадай күйде отырғанда, сабақ оқып мандытпайтынын білді. Қалың ойға шомды. Бір уақта көңілінде әлдебір сәуле жарқ еткендей болды. «Міне, табылған ақыл!» Кітабын жинады да:


– Әже, мен мектепке кеттім! – деді.


– Бара ғой, айналайын, қашан келесің?


– Кешке. Бүгін концертке дайындаламыз. – Сөйтті де төргі бөлмеге барып, апасының шашақты гүлді көк орамалын алып, далаға шықты. Орамалды басына тартып, іле-шала үйге қайта кірді. Босағаның ар жағында тұрып, көрші әйел – Мырзагүлдің даусына салып әндетіп:


– Сә-лем бер-дік, ә-же! – деді. Үні сызылып, биязы шықты. Ернін сылп еткізіп, ауық-ауық тамсанып-тамсанып қойды. Бұл – Мырзагүлдің сөйлеген кездегі әдеті еді.


Әжесі елең ете қалды. Қуана айқайлап жіберді: – Қай баласың?


– Мыр-за-гүл ке-лі-ні-ңіз-бін ғой, та-ны-май қал-ды-ңыз ба-а?


– Е, шырағым, қайдан таниын. Өзің білесің, көз нашар, күннен күнге сөніп барады. Жұрттың бет-жүзін қол созым жерден ажырата алмаймын. Құлағым да қағыс естиді. Көп жаса. Үй ішің аман ба?


– А-ман-шы-лық. Ө-зі-ңіз қа-лай-сыз? Күй-л і-қу-ат-ты-мы-сыз? – Шүкір, шүкір. Балаларың ер жетіп, өсіп-өніп жатыр ма?


– Б-әрі жақ-сы. А-на ө-зің-нің ө-ре-ше-ге жа-йып қойған құр-тың-ды ұр-лай бе-ре-тін қара ба-ла – Дүйсенжан қазір әскерде.


– Хат кеп тұр ма?


– Ке-ліп тұр. Ау-ыл-ды са-ғын-дым дей-ді.


– Кәйтсін-ай, оның да жігіт болғаны. Өтіп бара жатқан өмір деген... Кеше ғана жалаңаяқ шауып жүрген бала еді... Әлі есімде, бірде тапа-тал түсте көшеден ұстап алып: «Әй, менің құртымды неге ұрлай бересің, анда-санда ана Ақжан кемпірдікін де ұрласай», – деп өтірік шүйілсем: «Сіздің құртыңыз тәтті ғой!» – дегені бар емес пе. Ал күлейін кеп... Баламысың деген... Иә, келін, жай жүрмісің?


– Жай. Д-ү-кен-ге ба-ра-тыр ем, сіз-ге сә-лем бе-ре ке-те-йін деп бұ-рыл-дым... Та-яқ тас-там жер-де тұр-сақ та, қол ти-мей-ді...


– Көп жаса. Пейіліңе рақмет, айналайын. Бір жасың – мың болсын. Ана қара балаңа менен сәлем айт, менің баяғы құртымның дәмін әлі ұмыта қоймаған шығар...


Ержан Мырзагүлдің жүрісіне салып, аяғын жылдам-жылдам басып, асығып далаға шықты. Ауа жетпей қалғандай: «Уф», – деп демін бір алды. Мырзагүл болған ғұрлы, сөзімнен шикілік сездіріп алам ба деп, жаман қорқып еді, әйтеуір сәтті аяқталды. Созып, әндетіп сөйлеймін деп, тілі талып қалған секілді. Көйлегінің жеңімен тершіген маңдайын сүртті.


Жарты сағаттан соң, көкесінің қаракүл құлақшыны мен шибарқыт күртешесін киіп, үйге тағы кірді. Бұнысы енді – Бержан болып ойнау. Бержан қысы-жазы бірдей басынан құлақшынын тастамайды. Өзі ауылдың жекеменшік қойын бағады. Сөйлегенде орынды-орынсыз қолын сермелей береді. Насыбай атады. Тұрған жерінде шырт-шырт түкіріп болады. Үйге бір атым насыбай сұрай келді.


– Жеңеше, сәлем бердік! – Көп жаса, бұл кім?


– Бержанмын ғой баяғы. – Ержан бет-жүзімді танып қойма­сын деп, табалдырықтан аспады. Бержан құсап қырылдай сөй­леді. – Қалай денің сау ма? – Оның әжесімен әзілдесіп, ойнайтын әдеті бар-ды. Сонысына басты. – Қашан кетесің ана жаққа? – Қырылдап күліп, бір-екі рет қолын сөлтең-сөлтең сермеп-сермеп қалды.


– Немене, мен кетсем жерің кеңи ме, ой, қыршаңқы, саған ерегіскенде, әзір асығатын түрім жоқ, Ержанымның, Сәкен­жанның қызығын көрсем, шөбере сүйсем деген арманым бар... Е, сені қай құдай айдап келді мұнда?


– Сені сағынып келді дейсің бе, насыбайым таусылып қалды, бір атым насыбай бер.


Әжесі көпшігінің астынан сипалап, мүйіз шақшасын іздеді. – Мә! Бәрін салып алма!


Ержан әжесінің қолынан шақшаны жып еткізіп алды да, ала­қанына бір атым насыбай салды. Сосын шақшаны Бержанның әдетіне салып, енді қажеті жоқ заттай әжесінің алдына лақтырып тастады.


– Ал жақсы.


– Ау, отырмадың ба? Тым құрыса нан ауыз тисей, «қуыс үйден құр шықпа» деген.


– Жоқ, шаруам бар, жұрттың бәрін өзіңдей көресің бе, үйде ерігіп отырған... – Өй, тіліңе шоқ түскір...


Бұл жолы да сүрінбеді. Әжесі дәл Бержанның өзі деп ойлады. Ашылып сөйлесті.


Біраздан кейін үйге Ажар болып сүт сұрай кірді. Ажар себебі бұ­зауы еміп қойып, не сиыры өрістен қайтпай, қолына қолба­қырашын ұстап, ылғи үй-үйден сүт сұрап жүреді. Мұны әжесі де біледі.


– Сәлем бердік, әже!


– Көп жаса, бұ қай баласың?


– Ажармын ғой, әже, денсаулығыңыз қалай? – деді Ержан Ажардың даусына салып, жұлып-жұлып сөйлеп.


– Шүкір, шүкір. Өздерің қалайсыңдар? Бала-шағаларың аман ба? Баяғы жылауық сарың неғып жүр?


– Қазір үшінші сыныпта оқиды.


– Е, де. Нағашыларына тартса, жаман болмайды.


– Білмеймін, әйтеуір домбыраға үйір, үйде тыңқылдатады да отырады.


– Айттым ғой, одан бірдеңе шығады. Жарықтық үлкен нағашысы домбыра емес, қу ағаштың өзіне тіл бітіретін. Жай жүрмісің, келін?


– Азанда бас жібі шешіліп кетіп, бұзау еміп қойыпты. Қатты-ақ қылып байлаған секілді ем. Бұзау болмады, бәле болды өзі. Шай қатықсыз қалдық. Бір кесе сүт сұрай келдім.


– Көкананы (кухня) қарашы, бар болса құйып ала ғой... Ержан әжесіне естірте әлдебір аяқ-табақтарды салдырлатты. – Құйып алдым, әже...


– Сау бол, айналайын!


...Ержан ұрланып кеп, есіктен сығалады. Әжесінің кәдімгідей-ақ ажары кіріп қалыпты. Қабағы ашылған, көзі нұрланған. Өзі қунақ, ширақ. Бағана бір әзірде маңдайына шүпірлеп ұя салған әжімдер зым-зия жоғалыпты.


Ержан     әжесін      алдап,      жұрттың      даусына     салып,     сәлем     бергеніне ыңғайсызданып, ұялып-қысылмады, қайта қуанды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу