Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  89


Автор: Түрік поэзиясы

БІР КҮНІ СӨЗСІЗ...

Ереуілшілерге ердім бірде ерігіп,
Шаршадым мен, көктем келді,
осы жазда мылтық болмақ серігім,
Кітап біраз жиналыпты,
азып кеттім, айнала шу, қозғалыс,
Жаспын əлі – сүю тəтті, тіл ұмтылар сөзге алыс,
Ой – жеп-жеңіл, қайғы – арзан, ізденеміз ынтығып,
Ей, банкирлер, Құдай қосса, біз жеңеміз бір күні,
Ей, ақымақ, айбалта тұр төбеңде,
ей, есуас, есек миын жегендер!
Он сегізде сүйіктім сөз айтады есті бір,
Сағыз шайнап, бейбіт күн жоғын жоқтап, кешқұрым
Серуендейміз көшеде, гүл көп өскен жылдары
Күрес болады əдетте, айнымас заң бұл-дағы.
Бір бомбымен барлығын қалай ғана құртады?
Мен жеңілдім, сен жеңдің, шекем міне, ұр тағы.
Қалай ғана жеңіске жете алады жауыздар?
Осы жайлы мен ұзақ ойланамын, ауызға
Сигаретті қыстырып, ауыстырам көйлекті.
Біз жеңеміз бəрібір, жеңеміз-ау бір күні,
Зорлық, аштық, жоқтықты көмеміз-ау бір күні.
Бірақ, қатты қажыдым, пальтом кірлеп кетіпті,
Вьетнам жайлы жырларым сенімімді бекітті.
Жер шарының екінші бетіндегі достардың
Қамын ойлап келемін шылым шегіп, бос қаңғып.
Көпірлерден өтемін, аспан бұлтты, күн жаңбыр,
Қарауытып тұр үйлер, қайғы бар-ау тұнған бір.
Əділетсіз дүние, неткен есер мына өмір!
Жылаймын да күлемін, жылаймын да күлемін.
Моторлардың шуылы, су мен тұман аралас,
Не істей алам мен осы? Осыны ойлап көшеде
Қаңғырады қара бас.
Маңдайымды темірге басып көрем – мұп-мұздай,
Қатал өмір қоймайды-ау қасіретін жұтқызбай.
Шығу жайлы кинодан, мамам жайлы, кетеді
басым зеңіп, бəрінің ойлағанда бекерін.
Сəби едім мен кеше, мұңсыз едім, ендеше
Неге тудым, аспан-ау, əділетсізді жеңбесем?!
Сақал өсті, шаш өсті… сүйем осы қызды мен...
демалыс күн, күн ыстық, толғандыра береді:
терезеде тұр бала – көзінде бар керегі,
жанарында жақсы үміт сəби қиял аунайды,
бала күнгі Лермонтов суретінен аумайды.
Машинкаға жыр басам, газетке де үңілем,
Құлағымда – құс үні, саған айтам мұны мен,
Мен ақынмын – болғаны, сөкпе мені, сүйіктім,
Кез келген зат береді маған қайғы-күйікті.
Қайыршының өзін мен пана тұтам, ес етем,
Сонда менің жылағым келетіні несі екен?!
Кез келгеннің қараймын жанарына, жүзіне,
«Халық» деймін үңіле, «бала» деймін үзіле,
жас келеді көзіме, ескіліктің қалдығын,
кітап кеміргіштерді, эстеттердің барлығын
бір сықпыртып алам да кешіремін соңынан,
сонсоң жеміс сатып алам алапестің қолынан.
Осы жайлы ойланам, жүз қуаныш, мың қайғы
аспанындай көктемнің тез алмаспай тұрмайды.
Ақтарыла сыр айтам, күтуді мен жек көрем,
автобусқа отырам, сығылысып көппенен.
Қызықтаймын шыбынның ызың қағып ұшқанын...
Қайнап кетем əйтеуір дүкеніндей ұстаның.
Бір кезде мен осылай тентіреуші ем көктемде,
Уолт Уитмен өр ақын еске түсіп кеткенде.
Ол жырларда тың бір зат болатұғын əйтеуір,
Əлде не үн сыңғырлап қалатұғын əйтеуір.
Тағы отырмын толғанып, шыққым келіп көшеге,
Мына түрік тынымсыз жігіт екен деседі.
Алған əсер кеудені қысып бара жатыр-ау,
Шыбын жаным шырылдап ұшып бара жатыр-ау.
Кинолардан бұл бəлкім алған əсер шығар-ау,
Аспан жерге түскендей, жел еседі бір алау.
Қанша айтсам да ол жайлы таусылмайтын бір керім,
Жалғыз қыз боп жүрмесін өмірім деп жүргенім?
... Бензин иісі, егістік, саусақтары əр қилы
Қисық қолы əкемнің... нанның иісі аңқиды.
Кетіппін ғой сəл мызғып, тағы жаңа кино ма:
Жап-жас сұлу балконда күліп қойды илана.
Сонсоң тағы мұңайды, ойлады ма өлімді,
Ойлады ма Құдайды?! Мұңайғаннан не пайда,
Қызметіңді ет қатай да!
Алай-түлей көкірегім тыныштық жоқ, мен осы.
Секілдімін өлетін, ұсталатын немесе.
Полиция қамап кеп кітабымды, мүлкімді
Сүйгенімнің суретін алып кетер сықылды...
Шошып ояна келем, көңлімді əзер басамын,
Көл-көсір боп жатады жанарымнан жас ағып.
Ой арзандап содан соң шыға келем құлпырып,
Ыңыранып қоямын жеңеміз деп бір күні.
Ей, ақымақ айбалта тұр төбеңде,
ей, есуас, есек миын жегендер!
Жеңеміз біз, жеңеміз, шыда, аш-арық, үздігіп...
Жүз мың рет қайталап келеміз ғой біз мұны!
Бұл жүз мыңға тағы да қосылады жүз мыңдар...
Моторыңды қыздыр тек,
Тездет, уақыт, қыздыр, бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу