Жан-жануар туралы Мақал-мәтелдер ✍️

Ілмек бойынша іздеу:

Мақал-мәтелдер: 601
Өлеңдер: 2
Жаңылтпаштар: 1

Көнектен шошыған бие оңбас.
Төсектен шошыған ер оңбас.
Көбең мініс көтермес.
Қос жүйрікте сын болмас,
Қас сұлуда мін болмас.
Ат жаманы таймен ойнар.
Атыңды жүріп тұрғанда қамшыла.
Басты балта бұзар,
Жылқыны маңқа бұзар.
Жақсы ат алдынан сүрінбей,
Артынан сүрінеді.
Жылқыда өт жоқ,
Құста сүт жоқ.
Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.
Сырын білмеген аттың
Сыртынан жүрме.
Ат көрмеген ат көрсе,
Шаба-шаба өлтірер.
Тон кимеген тон кисе,
Қаға-қаға бітірер.
Кәрі боз қартайғанда жорға шығар.
Соқыр атқа қотыр ат үйір.
Жортар аттың тоғы игі.
Жүйрік тоқтығын білдірмес,
Жомарт жоқтығын білдірмес.
Азынаған айғырдың үйірін көр,
Менменсінген жігіттің үйін көр.
Тұлпардың ізі бітпейді,
Тұяғы кетпейді.
Жалғыз шапқан ат жүйрік.
«Арық» деген жаман тай
Жазға шықса ат болар,
Жамандығың сезілсе
Жақын кісің жат болар.
Біреудің жоғын
Біреу түйе мініп жүріп жоқтайды.
Түйе атасы — нар,
Ағаш атасы — шынар.
Көп келіссе,
Кірекеш түйесін сояр.
Түйені жүгендемейді,
Көп малды түгендемейді.
Жазғытұрымғы жел
Жардай атанды жығады.
Ашаршылықта
Түйенің сіңірі де тәтті,
Тоқшылықта
Қозының құйрығы да қатты.