Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  89


Автор: Рза Қунақова

СЕН МЕНІҢ ҚАЛАМЫМА БОЛМА ҚҰМАР

...Дедің сен: «тартып алам қаламыңды»,
Түсінем, ойнап айттың əзілменен.
Бөлісетін қуаныш, нала мұңды
Алмашы қаламымды қазір менен.
Алмашы, мылқау болам, қаламымды,
Тас тыққан саңыраудай құлағыма.
Қаламыммен ұштаймын талабымды,
Өмірдің түсіп талай сынағына.
Мен емес жұрт мадақтар жомарт Хафиз,
Өлеңмен егізбін тек, түсін мені.
Ойлайтыным – артымда қалсын бір із,
Қуанам жақсылыққа түсімдегі.
Сен менің қаламыма болма құмар,
Қимаймын жан серігім – өлеңімді.
Мен үшін поэзия – алып шынар,
Сынға салам қалам мен өнерімді.
Ала бер басқадай бар байлығымды,
Өлсем де қаламымды тастамаймын.
Мейлің ал табысымды, айлығымды,
Қаламсыз көбейеді баста қайғы.
Бəрі-дағы болады тілегіңнің,
Тек қана қаламымды қаламашы.
Сырласы жырға толы жүрегімнің,
Қаламым – өмірімнің баламасы.
Өзіңе Күн болайын болса қажет
Маржандай дəн де болып шашылайын.
Боламын мен қаламмен батыр, өжет,
Сен мені дұрыс түсін асыл айым.
Тілесең, бұлбұлың боп сайрап берем,
Жазылам шежіре боп өміріңе.
Қаламның күшіменен жайнап келем,
Гүл болып туған жердің өңіріне.
Жармаспа, қаламыма, досым менің,
Табылар оған да ие мұрагерім.
Бір ақын болашақтан тосып едім,
Бір ақын болашақтан сұрап келем.
Тілегім орындалды бар ақындар,
Соларға қаламымда ұсынамын.
Достарым, мақтануға хақым да бар,
Шабытпен көңіл құсын ұшырамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу