12.08.2022
  119


Автор: Альберт Лиханов

САЙЛАУ

Бірінші жиналысымыз өте салтанатты жағдайда өткен сияқты, өйткені соның алдында ғана бәріміз шеру тартып келгендіктен бе, барлығының жүздері алау атады, бұрын тақпаған галстуктері жарасып, жанарларда жалын ойнайды. Мерекелік көңіл-күй барлығының да ойларын онға бөлсе керек, Галя председатель етіп кімді сайлаймыз деп сұрағанда барлығы да бір-біріне жалтақтасты. Жүрегім қысылып бара жатқандай, егер Пухов айтып үлгірмей қалып, басқа біреуді сайлап жіберсе ше? Осы бір сәтте өзіме де не болғанын, басыма қандай әзәзілдің қонжиып отырып алғанын білмеймін.
Көңіл шіркінді қойсайшы, отряд советінің председателі болуға соншалықты құштармын, жеңіне қызыл белгі тағып алып, бүкіл сыныпқа әміріңді жүргізсең ғой. Менің оған толық хақым бар деп санаймын – өйткені атам болса генерал, тіпті Кешканың атасы сияқты айтуға да тұрмайтын бар болғаны аға сержант қана емес. Атам болса біздің сынып оқушылары ата-аналарының ішіндегі ең үлкені, олай болса мұның өзі де менің пайдама шешілер дүние екендігі түсінікті шығар?
Түсініктісі түсінікті-ау, бірақ жүрегі түскір кеудемде тыпыршып, шыдамаған соң Газ Баллонын жанарыммен ішіп-жеп барамын.
Бір кезде барып, Пуховтың қолы әрең қозғалды-ау әйтеуір, қимыл-әрекетті ақырындап көрсететін кино сияқты қолбырап, орнынан тұрды да алдымен ернін қимылдатты. Мен өз атымды естідім.
Сынып гулеп кетті, ұлдар да, қыздар да Пудовты дабырлай қостасып жатты, тек Кешка мен Алька үнсіз.
— Әй, шуламаңдар, – деді біздің құрылыстан келген вожатыйымыз Борис Егоров. – Онан да бұл кандидатураны не үшін ұсынатындарыңды айтыңдар.
Борис Егоров Галяға қарап еді, ол кой көзін қашыртып, салмақты болғансыды, бірақ Галяның салмақты болғысы келгенінен ештеңе де шыққан жоқ, өйткені оның өзі де біздің мектепті бір жыл бұрын ғана бітірген болатын-ды, ал Егоровқа менің кандидатурамның қандай себептерге байланысты ұсынылып жатқанының ол үшін, былайша айтқанда, бәрібір еді, оның мұны жай тәртіп үшін сұрай салғандығы дөңгелек келген жайдары жүзінен көрініп тұр еді. Шынын айтқанда, оның біздің жиналыс емес басқа бірдеңелерді ойлап отырғаны тағы да ақиқат.
— Әрине, – деп жауап берді Пухов, – оның атасы генерал.
— Генерал? – деп сұрады Борис бұл сөздің мәнін ұқпағандай Галяға қарап. – Генерал дейсіңдер ме? Кандай генерал? Сенің қайдағы атаң генерал? – Ол маған сұраулы жанармен таңыркай қарады.
Монтажшының сонша самарқаулығына деген көкірек қойнауымда кыжыл пайда болды. Бірақ өзімді ұстадым.
— Генерал-лейтенант, – дедім маңғаз үн қатып. – Бірақ, мәселе онда ма екен? Сыныпта үн жоқ. Егоров күмілжіді. Сол кезде Галя оған көмекке ұмтылды.
— Әрине, мәселе онда емес! – деді ол қызу үн қатып, бетінің ұшы тағы қызара қалды. – Сені атаң болмаса да председатель етіп сайлайды. Солай емес пе, балалар?

— Әрине! – деді балалар гу етіп.
Ал бәрі тыныштала берген кезде Кешканың үні кайта естілді.
— Жоқ. Олай емес! – деді ол.
Жайлап орнымнан тұрдым. Тұла бойым тұтанып кетердей. Мен бүкіл сыныпқа, өзіме аяқтарының ұшымен жүріп сәлем беретін ұлдар мен әрдайым бетіме карап бір жымиып қалуға тырысатын қыздарға қарадым. Тек жақсылық қана тілеуші мейірбан көздер мен жайдары күлкілерді көрдім, сол-ақ екен ерекше бір жарықшақ жағымсыздау үнмен Кешкаға деген өз пікірімді айттым:
– Сенің, немене, ішің күйіп бара ма? Сынып тағы да тына қалды.
Өзімді ұстап, міз бақпауға тырысып едім, онымнаң ештеңе шықпады. Иығыма мінген әзәзіл періштем мәселені ушықтырып жіберді.
— Сенің, немене, ішің күйіп бара ма? – дедім тағы да нығарлай түсіп. – Аға сержант...
Кешка маған үңірейе қарады.
Өте бір жаман көзбен қарағаны сонша, жердің жыртығына кіріп кетердей болып тұрмын.
Құдай сақтасын! Қандай масқара еді!
Жанарыммен Кирилл Пуховты іздеп таптым, бірақ ол мені басқаша түсінген сияқты. Басын сәл шұлғыды да, өзінің мойнына алған, міндеттемесін орындауға кірісті:
— Соза беретін несі бар, дауысқа салайық!
Қалың қолдардың орманы мені председатель сайлап жоғары көтеріліп жатты...
Мамам кешкісін салтанатты; той дастарқанын жасады. Торт сатып алып, үстелге әдемі дастарқан жапты. Бар өнерін салып жүр-ау.
Мен жеңіне қызылдап белгі қадалған пионер киіміммен отырмын, бірақ көңіл- күйімнің мәні жоқ.
Шай ішіп отырып, атамның маған қараған ерекше бір көзқарасын танығандаймын. Біресе көзінің астымен, біресе қырындап жанар сілтейді. Біресе шылым тартқан болып, ту сыртымнан келіп барлайды. Әйтеуір, бірдеңе сезіп жүрген адам сияқты.
Ал біліп қалса ше? Немесе сұрай қалса ше?
Мамам көңілді-ақ, папама әлденелерді айтып күле береді, ал атам екеумізде үн
жоқ.
Ұйықтауға жатқан кезде атам тіл қатқан жоқ. Тыныстағаны ғана естіледі. Бар
кепті өзі айтсын деп мені тосып жатқандай. Бірақ мен оңайлықпен айта қоярмын ба? Оған аша қояр сырым жоқ. Ақыры атамның өзі шыдамады.
— Кел, сыбырласайық! – дейді ол ақырын ғана.
Ернімді жымқырып алып, басқасын қойғанда тыныстамауға тырысамын, бірақ жүрегі түскір ауыр артиллерияның лекітіп оқ атқанындай кеудемде дүрс-дүрс соғады. Бейне бір ұры сияқтымын. Бейне бір нәрсе ұрлаған жандаймын...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу