Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  91


Автор: Аллаберген Қонарбаев

АЛМАТЫМ-АУ

Алматым-ау, сен студент қаласың,
Қандай тәтті өзгеше көз қарасың.
Алатауды қолтығына көтеріп,
Сұлулықты алақанға аласың.
Махаббаттың ақ жұлдызы құштарың,
Қандай ғажап сағыныш боп ұшқаның.
Жылдар.. Жылдар өтіп жатыр, сен бірақ
Он сегіз бен жиырма жасты ұстадың.
Ақ шаштылар сенен үміт үзбейді,
Ақ қайыңнан жастық шағын іздейді.
Көлбең қаға көз әйнегін сүрткілеп,
«Мына жерде тұрған едік» біз дейді.
«Алматым» деп, сол адамдар қимайды,
Туған жердің туындай ғып сыйлайыды.
Көк жүзіне көзін сүзіп ойлайды-ау,
Баяғы бір куә болған түнгі айды.
Алматым-ау, жұмбақ сырың көп тегі,
Өз басынан нелер сірә өтпеді?!
Жаутаң қағып бара жатыр қария,
Уақытқа үнсіз ғана өкпелі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу