Өлеңдер ✍️
ӨЗЕКТІ СҰЛУ ЖЫР ТАПСАМ
Терлесе маңдай, жадырап жаным нұрланып,
Жыл көшімен келемін мен де бірге ағып.
Өтеді мезгіл, шабытты еңбек, шат әнмен,
Түндерде тыныш жүректі тербер жыр бағып.
Сонда да қолмен орнатқан жоқпын қырға гүл,
Аптығып жаным алабұртады нұрға бір.
Сол жолда шаршап, сол жолда шабыт қамшылап,
Сол жолда жанға бермеймін минут бір дамыл.
Сол жолда тоқтап, сол жолда дәйім тынбаймын,
Шопан қыздардан өмірдің әнін тыңдаймын.
Маңдай теріммен гүлденсе деймін өмірім,
Еңбекпен ғана көгерсем деймін әрдайым.
Сол үшін жүйткіп қыр желімен жарысам,
Қиынды жеңем, қайсар күшпен қарысам.
Шахтаға түсем, қойды да бағам, тас қалап,
Махаббат, жігер – дем берушім бар арысам.
Заулаймын алға, шегінбеймін бір табан,
Тынбайды әнім – еңбектің әні шырқаған.
Осылай ғана қарызын өтеп өмірдің,
Өмірім үшін өзекті сұлу жыр табам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter