Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  92


Автор: Оңайгүл Тұржан

ҚЫР АСТЫНДА ҚҰЙЫНДАР ҮСІП ӨЛДІ

Таң атар тағы да бiр күндi үйiрiп,
Ал кешке ай туады түнге иiлiп
қыс пен жаз кезегiмен алмасады,
Табиғат бiр шешiнiп, бiр киiнiп.
Бере алмай көңiлге нұр, жанға шабыт,
Күз жүргенде күрсiнiп. . . далбаса қып.
Аппақ қыс қыркүйекте жетiп келдi,
Үйiр-үйiр боранын алға салып.
Кеше ғана жаз едi мүсiнi өңдi,
Қыс келдi де, қыр аппақ түсiне ендi.
бiр-бiрiне қаңбақтар тығылысып,
Қыр астында құйындар үсiп өлдi.
Өткiр аяз жаныңды жарақаттай,
Қар жауады өзi өзiн мараппаттай.
Жалғыз терек жапанда елеңдейдi,
iлесе жөнелуге қара таппай.
Тайыз көл
Мұзға айналды жадағай қап,
Мұхиты жоқ отырған ”келе ғойлап”,
Ал қыстың
уақыты жоқ отыратын,
Тайыздықтар жайында терең ойлап.
Түнгi ай тұр
сәулесiмен төккен жарық,
Көңiл тұр
қара зiлдей кетпен шалып.
Ақ қаламға аман-сау оралса деп,
Ақ боранда адасып кеткен шабыт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу