Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  146


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЖОҒАЛҒАН АСПАН ӨЛЕҢ ІШІНЕН ТАБЫЛДЫ...

Кенеттен бәрі астаң да кестең сабылды,
Ой-орман шулап, түтiп тастады бабымды.
Сөйлем жүр анау үтiрiн iздеп, адасып,
Жоғалған аспан өлең iшiнен табылды.
Дауыл тұрғандай мидағы тыныш гүл-бақта,
Үрке бiр қарап үстi-үстi келген ырғаққа,
Шимай да шимай қағазға түскен хаостан,
Дәптердiң бетi көшiп жатқандай бiр жаққа.
Асығыс бәрi – ұйқас та, ой да асығыс,
Ақ қалам қазiр – әулие сынды жасын-ұш.
Ішкі дауылмен жапырып келе жататын,
Шабыт шіркіннің арты – жаз,
Бірақ…басы – қыс.
Жетiп бiр келiп қияды-ау бәрiн таң-қайшы,
Моншақ та моншақ тер үзiп жатқан маңдай шы?
Сан ғасыр өттi, отырмын әлi үстелде,
ұмыттым мүлдем – қағазы қайсы, мен қайсы?
Шумақтар! Шумақ!
Кідірме тағы алға атта!
Біріңді бірің жетелей жүгір!
Ал, қапта!
Әні, ана-а-ау буын заулап барады,
өзі өзін,
Ұйқастың соңғы ырғағына әкеп жармаққа.
Заулап барады…соңғы дем, бәлкім, ақырғы үн,
Дәл осы сәтте бәрінен-дағы батылмын.
Ақ түтек шабыт ішінде,
Өртеніп келе жатырмын.
Жыр туды міне!!!
Табаным жерге тиді енді,
Көңілім көктен оралып, шаршап, үйге енді.
Шабыттың ғажап астаң-кестеңі тиылып,
Шертіп отырмын «пенделік» деген күйді енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу