Өлеңдер ✍️
БОЗ ТӨБЕЛЕР
Көз алдымда сар дала алабұртып,
Құба жонда еліктер барады үркіп.
Сонау көкте қорғалап үйренбеген,
Қайқаң қағып қалады бала бүркіт.
Ала бұлттар аспандағы жабырқап,
Боз төбелер қарайды о да таңырқап.
Маңғыстаудың әр тастағы тарихын,
Білсін дей ме, білсін дей ме жаңа ұрпақ.
Бұл талайға куә болған көне жер,
Мұнда талай зырқыраған жебелер.
Үшкір найза ұштарына ілігіп,
Талай ерден қалған белгі-төбелер.
Бабам менің жауласпай бір тынған ба,
Талай боздақ көзін содан жұмғанда.
Не болмаса ашу кегі солардың,
Жер астында қара май боп тұнған ба.
Талай түндер қапы соғып қапталдан,
Талай адам найза ұшында қақталған.
Не болмаса көз жасы ма арудың,
Бұл күндері шипа су боп сақталған.
Маңдайына бақыт, дәулет жазбаған,
Тілге келмей мәрт боп кеткен аз ба адам.
Не болмаса арман-мұңы солардың,
Бұл күндегі «көгілдір от» маздаған.
Бұл далада қас дұшпанын қарсы алған,
Талай батыр ұрандаған, жар салған.
Арманда боп талай адам өтіпті,
Өмірінде қанып ішпей кәусардан.
Ұландар-ай өктемдікке төзбеген,
Төзбей жүріп тыныштықты көздеген.
Бауырға алып бар байлықты жатыпты,
Қайран менің дуадақ ұшқан боз төбем
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter