Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  82


Автор: Аманғали Ербозұлы

Қыңырайған мінезім құрсын менің...

Қыңырайған мінезім құрсын менің,
Қалыпты ғой, жаным-аү, құр сүлдерің.
Шыдамайды екенсің көріп түрып
Жүрегіңе жақын жан күрсінгенін.
Көріп жүріп мінезден көрешекті,
Болжай алмай отырам келешекті.
Ұғасын ғой сен мені, кешіре сал,
Жұбатуға жан едім емес епті.
Өзімшілдеу, сырт көзге өр жандаймын,
Жүрегіме үңілсең: орман–қайғым.
Ет жүрегім езіліп тұрса-дағы,
Жұбатуға ебім жоқ сормаңдаймын.
Мінезімді түсінбей безінген көп,
Не көрсемде отырам өзімнен деп.
Бұл өмірден тым ерте, ерте кеткен
Мейірімін әкемнің сезінгем жоқ.
Көңілімді қайтейін аласұрған,
Айрылғам мен ертерек бар асылдан.
Басымды иіп жазмышқа шарасыздан,
Бес жасымда көз жазғам анашымнан.
Мінез бөлек, ой , қиял бөлек пенде.
Қол ұсынар өзі кеп керек пенде.
Жақсы көріп тұрсам да, содан шығар,
«Айналайын» демедім бөбектерге.
Көріп жүріп мінезден көрешекті,
Болжай алмай отырам келешекті.
Ұғасың ғой сен мені, кешіре сал,
Жұбатуға жан едім емес епті.
Бір тыныштық жоқ менде–алаң күйім,
«Сабыр түбі…» жетпейді соған миым.
Шеше көрмей тон піше алмаған соң,
Әке көрмей оқ жонау одан қиын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу