Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  65


Автор: Ғали Орманов

КАВКАЗ ЖОЛЫНДА

Қиырға самғай тартты «Ту»
Қыранша биік шарықтап.
Көңілде күдік – жоқ толқу,
Қарайсың бəрін парықтап.
Лықыған қалың бұлт, тұман
Ығысып қалды төменде.
Секілді серік тек саған
Жарық күн жалғыз төбеңде.
Қанатын ылғи күн шалған
Қайрансың сол бір өнерге.
Жарындай жаның аңсаған
Байисың сонша өлеңге.
Самғайды ұшқыр тезірек,
Ашылып аймақ, алғы жақ.
Көгілдір көзі мөлдіреп
Каспий де қарап қалды ұзақ.
Шүйіле аққан ақ сұңқар
Шарықтап асты Кавказдан:
Жамыла тұрып мұз бен қар,
Қарайды бізге қарт жазған.
Алыстан даңқы шалынған
Еліңе Кавказ, келемін.
Құзыңа тұңғыш жаңғырған
Арналсын саған өлеңім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу