Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  150


Автор: Ғафу Қайырбеков

НАУРЫЗ ҚАЗПИ-де

ҚазПИ-дің мен айналдым аруағынан,
Қашанда нұр саулаған шаңырағынан,
Бəрі де содан шыққан, содан өскен,
Ұлдардың «қазағым» деп салған ұран.
Кешегі Байтұрсынның Ахметі,
Көп тартқан қазақ үшін тақсіретті,
Ол дағы дəріс оқып, аз күн жүрген,
Жүз аттап босағаңды қасиетті.
Ғалым аз Құдайберген Жұбановтай,
Аханнан кейін туған бір алыптай.
Еңкейіп есігіңнен ол да кірген,
Сыйлаған аруағыңды құлазытпай.
Одан соң басталатын ұлы шерік,
Ұстаздар бір-біріне бірі серік,
Сəрсекең Аманжолов келе жатса,
Жол беріп, қақ жарылып тұрушы едік.
Бəрі де өткен күн деп ойлағанда,
Тарихтың теңізіне бойлағанда,
Келеді көз алдыма солар менің,
Бұл күнгі наурызды тойлағанда.
Қарт ҚазПИ, жаңа ҚазГТИ – бəрі, осында,
Біз тұрмыз сол ұрпақтар арасында,
Қазақтың білімі мен қасиеті
Сақталған алпыс жылдай шамасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу