Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  100


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жалғыз болса...

Жалғыз болса,
Аққу жалғыз жалғанда,
Қосағы тек қиял менен арманда…
Көк пен жердің арасында қалқиды,
Қонады тек қанаттары талғанда.
Теңі де жоқ…
Бәрі қалған төменде,
Жоғарыда көңіл, шіркін, шеменде.
Қанатында қиялының біреу бар,
Ертегінің батырына теңерге.
Күндіз ойда,
Түнде түсте сол бейне
Елестейді,
Еніп кейде енбей де…
Ақ кеменің ақ желкенін жел үрлеп,
Сұлулықтың жағасына келмей ме?!
Келер еді…
Жүр жырақта бата алмай,
Қол жетпейтін жеміс дәмін татардай.
Махаббаттың мұңға малған мәуесін
Тату қиын,
Қапылыста қақалмай.
Басы төмен иілмейтін тақаббар
Арулардың мінезінде «шатақ» бар
Деп түсінер ойсыз, мұңсыз пенделер,
Табындырар сұлулықтың аты-ақ қар!…
Ақ қар…
Көк мұз емес бірақ жылтырар,
Жұмбақ жанның жүрегіне нұр тұнар!
Қиялдағы кереметті қуалап,
Алты қабат аспанына ұмтылар.
Жоғарыда жалғыздыққа жолығып,
Қалса-дағы көктем-көңіл торығып,
Қиялымен асырайды күндерін,
Ару-арман кеудесінде мол үміт.
Алғы күнге қайтеміз біз бал ашып,
Нұрын шашып тұрса егер қарашық,
Ай мүсінді асыл аққу-аруға
Жалғыздық та тұрады екен жарасып!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу