Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.06.2022
190
Бүгін мен-ертең
Сөнбей тұрып екі отым,
Жол жүремін күні-түн.
Бүгін – күндік бекетім,
Ертең – алдағы үмітім.
Көз сұғы мен тілге тас,
Алауласын арайым.
Бүгін жиған ірге тас,
Ертең кірер сарайым.
Тойда шарап ұсын сен,
Буы шарпыр денеге.
Бүгін келін түсірсем,
Ертең сүйем немере.
Қанатында жылдардың,
Үкім кетті бір тағым.
Бүгін жазған жырларым,
Ертең шығар кітабым.
Бар адаммен есендес,
Салма араға қыл көпір.
Бүгінгі қас, ертең дос
Болмасына кім кепіл?
Ботасында боздаған,
Атанында кəделі.
Бүгін аты озбаған,
Ертеңінен дəмелі.
Сөнбей тұрып екі отым,
Жол жүремін күні-түн.
Бүгін – күндік бекетім,
Ертең – алдағы үмітім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter