Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  212


Автор: Бақыт Беделханұлы

Жұмабай Медетбаевқа

Қарақалпақтан ұшқан құс,
Қанатын күнге қақтаған,
Қиядан түспес қырандай.
Алтынмен жүрегін аптаған,
Тəңірі таққан тұмардай.
Шыңдардың тасын үгітіп,
Тастүйін болған шеңгелдім,
Жүрегін көктің жібітіп,
Қарақалпақтан ұшып сен келдің!
Кеудеңді шемен, шер қылып,
Дауылда туған құсым ба ең?
Түбің түскір-ай! – деп жүріп
Өнердің түбін түсірген.
Қанатыңдағы Қамбар-жыр,
Қара жаңбырдай жауғанда.
Алашымдағы Арман-гүл,
Алаулап бүршік жарғанда.
Жыр қылып, дастан, күй қылып
Шанағын мұңның шерткесін.
Өмірге бəрін сыйдырып,
Неге өзің сыймай кеткесің?!
Тұғыры қалып тектінін,
Көргендей болдық тұспал-түс.
Есімде қалды екпінің
Қарақалпақтан ұшқан құс!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу