Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  1225


Автор: Ерлан Рымбек

Жетім бала монологы

Әкем менен анамды мен сағындым,
Тағдырымның жазуына бағындым.
Жалғызсырап оңашада жыладым,
Аспандағы айға қарап шағындым.
Асыл әкем жүрегімнен өшпейді,
Аяулы анам көңілімнен кетпейді.
Қайтарып бер дер едім мен сендерді,
Әттең, әмір бір Аллаға жетпейді.
Қайран әке, өзің болсаң тым қызық,
Ойнатушы ең мойыныңа мінгізіп.
Өзің барда аз да болса қалдым мен
Бақытты өмір айдынында бір жүзіп.
Анам менің, кім өзіңнен айырды,
Көрер ме едің дәл бүгінгі жайымды?
Сағынамын жылы-жылы сөзіңді,
Сақтап қояр құртың менен майыңды.
Жас жүрегім сағынышқа толы шын,
Осындайда кім береді қол ұшын?
Балалық шақ – бақытты шақ дейді жұрт,
Ата-анаң болу керек ол үшін.
Бастарыңа жиі барып тұрамын,
Балалардың үйі болды тұрағым.
Адал бол деп айтушы еңдер өмірде,
Сол бір сөздің мәнін енді ұғамын.
Жұрт аяйды, жетім деген атым бар,
Жаным, бірақ, жігерленіп лапылдар.
Өміріңнің жалғасымын, сондықтан
Азамат боп өсуіме хақым бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу