Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  149


Автор: Сабырхан Асанов

Жақсыларға жақсысың деп айта алмай...

Жақсыларға жақсысың деп айта алмай,
жамандарға жамансың деп айта алмай,
арпылдаған иттің бетін қайтармай,
өмір өтіп бара жатыр,
Ой,Тауба-ай!
Ұлыларға ұлысың деп айта алмай,
ұрыларға ұрысың деп айта алмай,
көрген күнің құрысын деп айта алмай,
өмір өтіп бара жатыр, ойпырмай.
Күйдіргенге күйдірдің деп айта алмай,
имес басты идірдің деп айта алмай,
жұдырықты түйдірдің деп айта алмай,
өмір өтіп бара жатыр, ойпырмай.
Қысқа күнде қалт-құлт етіп күн көрем,
қысқа күнде күндері-ем, түндері-ем,
деп жүргенде айтып бәрін үлгерем,
өмір өтіп кетпес еді, ойпырмай...
Көпті көрген мына бастың шашы аппақ,
күн көремін қиындықтан қашқақтап,
қапталына алған сақтық қосақтап...
Түбі өкініп қалмаса едім, ойпырмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу