Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  250


Автор: Рафаэль Ниязбек

Қос тергеуші Калиниченко мен Клишов

Қарығанда сұстанып қыс қабағы,
Асылдардың сенімі – құз қамалы.
Алма-кезек екеуі зіркілдейді,
Кейде жыны қозғанда ұстамалы.
Құйын мінез күз қабақ заманнан ба,
Туады екен хайуан адамнан да.
Қу жаныңнан шығады зәрің атып,
Тұз көздері оқ болып қадалғанда.
Бұйым емес кінәнің жамалғаны,
Жамалғаны,
жаныңның қамалғаны.
Бұйым емес тышқан мен атжалманға
Сүмбіл сұлу денеңнің таланғаны.
Тастан жаман жаныңа батады тек
Тұз көздердің ызалы қадалғаны.
Тұз көздердің ызалы қадалғаны –
Қандауыр боп басыңнан қан алғаны.
Қызылсырап баратса сойып жейтін
Мал болып та халқыңның саналғаны.
Ендігі еркек бозқасқа Асанбай-ды
Емін-еркін жетілген жаралғалы.
Жүдә, жаман сызданып қадалғаны.
Мініп келген жүйрік пен жорғаны да,
Киіп келген қамқа мен торқаны да.
Есіл ердің қолына кісен салса
Қанды балақ қарақшы болғаны да.
Жо-жоқ, бекер!
Сазанды ойнап қапқан,
Жайындардың ісі бұл ойлап тапқан.
 Олар үшін парақор қай қазақ та,
Ой, қырында қызығын тойлап жатқан.
Жігіт көрсе оны да құрсаулайды,
Арғымағын далада ойнақтатқан.
Тас бөлме іші...
қуықтай шағын әрі,
Қайда кеткен тұтқынның жалын әні?
Ұрып-соғып қос жағын айырғанмен
Сындыра алмай келеді сағын әлі.
– Қанды басың... тарт! – деп те тілей келіп,
Бірі тағы кіріп кеп дүлейленіп.
Бас-көзіне қаратпай пергіледі,
Асып туған адамнан Сүлей көріп.
Қалам, қағаз ұсынып ұстап келген:
– Мына жерге қол қой, – деп қыстап берген.
Көнбеп еді,
тағы да тепкіледі:
– Жатқын, – деп те түрмеңде ұшпақ көрген. –
Түрме іші – тозақ от,
шатыласың,
Неге, ендеше, аспаным шатынасын. –
Көзін алмай тұтқынға былай деген:
– Атыласың,
бәрібір атыласың.
Сомдап соғып тұтқынның жанын күштен,
Алып, сірә, тұрды ма жалынды іштен.
Қарақшыға қаншама сабатты әкеп,
Етіңді жеп тірідей,
қаныңды ішкен.
 – Неге ұрасың, – деп еді, – мазаны алып?
Қайта соққан қарақшы назаланып.
– Сендейлерді халқымен түгел қырып,
Өлсем арман не? – дейді, – жазаланып.
Қорқыныш боп тараған бар маңына,
Жалғыз ғана содырдың арманы ма?
Жауыз қанша қазақты қырсам деген,
Ойлы көзбен үңіліп орманына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу