Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  271


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЛИРИКАНЫҢ АЛТЫН КІЛТІ

(Тұманбай туралы жырлар)
Таң атады,
Күн шығады,
Батады ай.
Тұрағы жоқ уақыттың қаталы-ай!
Алпыс тұрмақ,
Келсе дағы жетпіске,
Розалар жүр ғой тойын атамай.
Сол сияқты біз де сөйтсек қайтеді,
Өкпелейді-ау қара өлеңнің бай кені.
Ақынжанды қазақ деген халықпыз,
Тойламасақ елден ұят əй, тегі.
Ал тойлайық жастар менен кəріміз,
Түрік, ұйғыр, балғар болып бəріміз.
Тұманбайға деп атайық
ендеше,
Жетісуда биылғы еккен дəніміз.
Тұмаш ақын жай ақын ба, ұлы ма?
Сөз берейік көктем деген сұлуға.
Бағы жансын қосылғанда бəйгеге,
Ақынға арнап ен салайық құлынға.
Ақын жаны көктеменің сəніндей,
Ақын сазы бұлбұлдардың əніндей.
Бақшамызға жемістерді егейік,
Болсын ақын жырларының дəміндей.
Жетісудың бақтарында бұлбұл көп,
Əн салатын армандары бір гүл боп.
Ал Алатау айналайын,
жарықтық,
Тұманбайдан басқа сенде дүлділ жоқ.
Құрқылтай мен шымшықтар көп бауырында,
Қанша ұшса да қоналмайтын сауырына.
 Менде өзіңдей болар ма екем
егер де,
Жаратқаным ақын етпей тау қылса.
Алатау бір.
Даласында елімнің,
Дауыл күнгі толқынындай көлімнің.
Көп болса да бізде Молдағалиев,
Ақын Тұмаш біреу болып көріндің.
Тебіренсе ел де, жер де, көкте жыр,
Жарсу жақта қурай менен шөп те жыр.
Бəрі бар-ау атақ, даңқ дегенің,
Депутаттық деген шіркін, жетпей жүр.
Бірі емес бұл Тұманбай екінің,
Нағыз өзі поэзия отының.
Лириканың алтын кілтін ұстаған,
Ұлы ақыны қазақ əдебиетінің.
Келген мынау –
Алпысыншы көктем бұл,
Көкшалғын мен гүлді сүйіп өткен нұр.
Алмаағаштың бұтағына ақ гүл боп,
Алпыс рет аққайыңға жеткен бүр.
Келген мынау –
Алпысыншы көктемім,
Тұмашымдай ақын ағам деп менің,
Қараңызшы самал болып сағынып,
Арулардың беттерінен өпкенін.
Алпыс рет Жарсу тасып көсілген,
Ақша қардан Ақши жатып шешінген.
Алпыс рет Алатауға жылқұсы,
Жұмыртқалап балапанын өсірген.
Алпысыншы көктем болып ол күліп,
Туған елге тілеп жатыр молшылық.
Қызыл гүлді жайқалдырып тастады,
Туған жердің омырауын толтырып.
 Көзімізге көрінеді сəн болып,
Келген көктем келбетті-ай, таң көрік.
Алпысыншы көктем келді, ақынның
Той күніне таусылмайтын əн болып.
Тыпыршиды тұлпар көңіл тұра алмай,
(Осқыратын жағы да бар құланның).
Көктем-ақын,
Көтем – шуақ,
Көктем – күн,
Гүлдейсің бе,
Үрлейсің бе көктегін.
Арманым жоқ болар еді дариға-ай,
Болса осындай алпысыншы көктемім.
Тыпыршиды тұлпар көңіл тұра алмай,
(Жүрген оның күші де жоқ қуанбай).
Алпысыншы көктем болып келіп тұр,
Алатаудың ақиығы Тұманбай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу