Өлеңдер ✍️
МЕЗГІЛ. АДАМ. ҒҰМЫР.
Кеше деген кеше емес былтыр енді,
Жаңа белге шығарды бұл күн елді.
Өмір жаңа ән бастады уақыт жайлы,
Уақыт салды тың жерге жыл түренді.
Кеше деген бір күні жылдың өткен,
Көшкен сәуле өткенге нұрлы беттен.
Жинайды оны тағы да мезгіл көші,
Жинайды оны тағы да тірлік еткен.
Әр сағаттың өткенде бар қазығы,
Бүгінгінің кешеде қалды азығы.
Бір біріне ғұмыр боп жалғасады,
Тіршілікте күндердің салған ізі.
Уақытқа мен қараймын, уақыт – маған,
Қайғы жұтам кей күні бақыт табам.
Кеше менен бүгінсіз қайғы-мұңсыз,
Тіршіліктің у, балын татып па адам.
Бір күні ашық, бір күні күңгірт далам,
Бақыт дәмін таттым да, мұң да ұрттағам.
Шүкір етіп өтсін деп ғұмырыма,
Екеуін де сыйлаған тірлік маған.
Айта алмаймые қайғымен қаным бір деп,
Үміт жүрер жанымда жалынды үрлеп.
Біреуімен тек қана қалсаң егер,
Қиын болар адамға әлін білмек.
Қиын жүру – ылғи тек көріктеніп,
Қайғы тұрса тек ылғи төніп келіп.
Сондықтан да шығар-ау тағдыз бізге,
Жүретіні екеуін бөліп беріп.
***
Кім біліпті не сыйларын жаңа күн,
Сезінем бе салтанатын, сәні, әрін.
Қолдан келер не бар көңіл тоғайтар,
Неше ойдың шырағданын жағамын.
Нешеу теріс, нешеу болды оң қадам,
Санай алмай күндерімді сорлаған.
Немен енді толтырамын көңілді,
Қанағатсыз өмірде бір толмаған.
Сыпырырып сол дегенде зілдей мұң,
Құйғым келіп жүрегіне күн мейірін.
Күндіз-түн сығып берген сөлімді,
Сәбиімнен кім шығарын білмеймін.
Жүректердің жойса-дағы құр дауын,
Қоя ала ма бақытқа қол бұлғауын.
Кім біліпті қиыр-шиыр жолдарда,
Сыналмаған махаббаттың тұрлауын.
Іздеймін деп қымбатымды ең керек,
Ұмтылсам да ертеңіме ентелеп.
Кім біліпті желаяқ бұл уақыттың
Енді қанша қуаларын желкелеп.
***
Тағы айналып жаз келді,
Тағы айналып жаз келер.
Көп пе енді, аз ба енді,
Жаз бен қыстар түстенер.
Белгісіз-ау бірақ-та,
Күн өткізу – ол мұң ба?
Өмір қойған сұраққа,
Жауап тауып болдың ба?
Арман деген арман ақ,
Шықпады ма тағы үзік.
Үмітімді арқалап,
Кеткен жоқ па қара үзіп.
Шыйыр қылып қорамды із,
Еге алдым ба тал шыбық?
Жауапты ек деп соған біз,
Қай құдықты аршыдық?
Десек-тағы нәзікпіз,
Бұздырды ма сан бірлік.
Дос көңілін жазықсыз,
Неше мәрте қалдырдық.
Түкке алғысыз әр күнім,
Дей алмаймын бірін нар.
Ойлап кетсем барлығын,
Төбе құйқам шымырлар.
***
Шығарып салсам-дағы жарқын үнмен,
Сезілмей құн жетпейтін нарқы бірден.
Ешқашан қайтып енді оралмайтын,
Қоштаспай қалай жүргем әр күніммен.
Шынымен болғаны ма салқын қаным,
Оп-оңай ұмыттым ба жарқылдарын.
Жаныңның сөлін сығып бермедің деп,
Өкпелеп кеткен жоқ па алтындарым.
Салақтық үшін бәлкім сөктің налып,
Өтімен жанарыңның өттің қарып.
Кезінде ұстап қала алмаған соң,
Жоғымды іздеп жүрген кеттің бе алып.
Бүгін де бір таң атты, кеш те келер,
Ойда өшіп, қалар екен есте нелер.
Қайтермін ұнамаса өңіріңе,
Өрнектеп салып берген кестем егер.
Әр күнім мен қонақтар оң босаға,
Әйтеуір маған мекен болды осы ара.
Өкпелей алмайды екем ешқашан мен,
Көңілім толса мейлі, толмаса да...
Риза ма емес пе әлде жылдар маған,
Толды ма шаттыққа әлде ызғарға маң.
Әйтеуір тірлік құрғақ шақтарымда,
Уақыттың құлы екенмін тырбаңдаған.
***
Қайтемін бұл жүрегім теңдесе мұң,
Адасқандай бойында кең кешенін.
Теңселеді ойларым қаладындай,
Шығара алмай өмірдің енді есебін.
Теңселеді ойларым ауыр басып,
Аспан сынды бұлт тұнған жауынға асық.
Ыдыратам қалайша іргелерін,
Жөңкілу үшін қыр мен тауыңды асып.
Ойлар...
Ойлар...
Мұңменен қабаттасқан,
Өмір өріп, санамен сабақтасқан.
Елестейді көзіме боркемік боп,
Ал кейде жаралғандай ғажап тастан.
Жарқылдап, сүйінеді жан жүрегім,
Кейбірін көтере алмай талды белім.
Қиыр-шиыр ойлардың іздерінен,
Шимай болып көңілім қалды менің.
***
өткен күндер жоғалған секілді үміт,
шашақталған шақтардың шетін бүгіп.
Жым-жылас боп сырт қарап жөнеледі,
Қарамастан кейінге бетін бұрып.
Өткен күндер секілді көшкен арман,
Елес беріп жаңаның ескегі алдан.
Ұмытасың сен де тез, ұмытасың,
Кей сәттерді талмап тек есте қалған.
өткен күндер мен келер күн – жалғас бәрі,
жаңа келсе, ескіні дарға асқаны.
Тіршілікке қарасам бір үмітпен,
Мезгім менен ғұмырдың арбасқаны.
Талап жасап, армандап алға басқан,
Қала алмайды ғұмырды жалғамастан.
Сондықтан да келеді адамменен,
Мәртебесін бөлісіп заңғар аспан.
Кеудесіне бабалар құйып теңіз,
Сол күндерден жасапты түйіп негіз.
Өткен шаққа табанды тіреп тұрып,
Құмартамыз қашан да биікке біз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter