Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  210


Автор: Айтқали Нәріков‎

Достық туралы

Достар! Достар! Мен сендерге қостым үн,
Сендер барда жоқ қой менің еш мұңым.
Достық болып оралады өзіме,
Өздеріңе жасап жүрген достығым.
Болсадағы қазан басқа, от басқа,
Жарасады жүрісіміз топтасқан.
Бәріміздің мұңаяды жүзіміз,
Біріміздің көңіліміз «тоттанса».
Болсын аулақ тоттану мен мұңдану,
Одан да біз достық жырын тыңдалық.
Жүрегіміз ақ таңменен апталсын,
Қалсын шетте қап-қара боп түн налып.
«Есепті дос айырылмайды» дегенге,
Мақал ғой деп, бір айтыспай көнем бе?
Тек достықтан қуат алып тұрғандай,
Ып-ыстық қан жүйткіп жүрген денемде.
Достық деген өлшенбейді безбенмен,
Қасиетін ұга алмайды кез келген.
Достық деген Қыз Жібектей ару ғой,
Төлегенге семсер ұстап, сөз берген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу