Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  168


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАСЫЛ ЖАПЫРАҚ Қ.Н-ҚА

Тез болды барғаныңнан оралғаның,


Демеймін жүгі жеңіл жол-арнаның.


Сол елді қайта көріп,


Қайта құшу —


Өшпейтін көкіректен ол — арманым!


Аман ба, ат-көлігің,


Кімді көрдің,


Түрулі тұр ма екен түндігі елдің?!


Тұнығынан Сайрамның келдің бе алып,


Жастығымды жасырған мұңды көлдің.


Аман ба екен сол елдің түлектері,


Жолдады ма сәлемін жүректегі,


Қайтемін сыр жасырып,


Асыл Қалдаш!


Қашанғы сол сағыныш жүдеткелі.


Келдің бе алып бір шымшым топырағын,


Немесе жалғыз жасыл жапырағын.


Мекенді есіме алсам туып-өскен,


Ерекше бір нұрланып отырамын,


Кеудемді жаныштардай нөпір-ағын...


Күйімді саған төгем ел ұқпаған,


Ғажабы ақтарылам сеніп саған.


Бір кезде көп-ақ еді өзіңе ұқсас,


Өзі де,


Өмірі де көрікті адам.


Қашанда түсірмейтін жанға қылау,


Сол елдің аспаныңда самғадың-ау!


Тағы да бастап кеттім,


Кешір, мені,


Бір әнді таусылмайтын таңға мынау,


Тез болды барғаныңнан оралғаның,


Демеймін жүгі жеңіл жол-арнаның.


Сол елді қайта көріп,


Қайта құшу,


Өшпейтін көкіректен ол — арманым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу