Өлеңдер ✍️

  27.07.2026
  35


Автор: Гүлзия Тәжіханқызы

ЕРКЕ ӨСКЕН ДАЛАНЫҢ ЕЛІГІМІН...

 


Түйдім бе екен жанымның шүберегін,
Айналамнан ұшады көбелек мұң.
Тыныш таппай тұрғаны — елеңдеп ой,
Біле алмай дал өзіне не керегін?


Мүмкін болар, әйтсе де, бір дерегі,
Жасырғандай айналам бірдеңені.
Пайда болса ғайыптан белгісіз мұң,
Болмас, сірә, қажеті тым керегі.


Сіңіп барам ауаға жоғалғандай,
Қайта бастап, өрлеуге жөн алғандай.
Құлағыма сыбырлап, күбірлейді,
Жақсылыққа бар әлем жорамалдай.


Шын сұрасаң Тәңірден, егер жылап,
Бес күн жалған - берілген фәни сынақ.
Өз бақытың қолыңда дер едім мен,
Кетпес, сірә, бәрі де сенен жырақ.


Қызыңды ерке, ей, өмір, аяладың,
Бағыңда мен шынардай саяладым.
Жыр өлкеге көсіліп, өлең болып,
Қанатымды бірақ та жая алмадым.


Ерке өскен даланың елігімін,
Көк майсалы көктемнің көрігімін.
Тылсым күшін сезініп жүрегіммен,
Тыңдап өстім әуенін, еліп үнін.


Гүлзия Тәжіханқызы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу