Өлеңдер ✍️
ҮШ АРУ
Арктика, Аляска жайында
Авторы: Оралбек Бек
1-ші дискі
Арктика армысың,
Сүңгі-сүңгі саябақ.
Мен келемін қарлы шың.
Саара тауын аралап.
Бармысыңдар қожыр тас,
Әппақ белдер, құз, ойық.
Аюлар жүр қалжыңбас,
Суға сүңгіп, мұз ойып.
Шанаңды ілген сегіз ит,
Тізгінсіз-ақ сырғиды.
Тіл жетпейтін бұл күйді, Көкжиектер қылғиды.
Пай-пай, маңғаз бұл өмір,
Неткен қызық тамаша.
Құпиясын біле жүр,
Көңіліңіз қаласа!
Гүлдей жайна, күн мен ай,
Нұр шалқысын жүзіңде.
Демейді ешкім "бұл қалай",
Жарасымды кезінде.
Аяз бикеш сықырлап,
Табаныңмен ойнайды.
Құлағыңда шытырлап,
Қой десең де қоймайды.
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Айналаның бәрі әппақ.
Жүгіреді ақ боран,
Әппақ шашын тарақтап.
2-ші дискі
Боран ұлып төрт жақтан,
Үскірік жүр жалақтап.
Емес қой бір бұл мақтан,
Жан жағыңа қарап бақ!
Неткен мықты адамдар,
Суықты елең етпейтін.
Тұлғасына қараңдар,
Шапсаң қылыш өтпейтін.
Саха дейді бұл елді,
Арғы тегі Көк түрік.
Жүрегі бар жігерлі,
Жау тоқтатқан шеп құрып.
Арқасын айт, байқасаң,
Дегізбейтін өгейден.
Екпіні бар, шайқасаң,
Гүрілдейтін көмейден.
Тілі жақын, ділі бір,
Домбыра мен хомустың.
Көктен жерге түн, іңір,
Төгіледі соны ұшқын.
Қағып ал да әнге қос,
Көріністі сонау бір.
Ақ мамықта тұрма бос,
Жырла бәрін, жырлай біл!
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Айналаның бәрі әппақ.
Жүгіреді ақ боран,
Әппақ шашын тарақтап.
3-ші дискі
Қазақ, саха бір туған,
Тілдері де ұқсап тұр.
Дей алмайсың - кім туған,
Түрлері де ұқсап тұр.
Әппақ, әппақ сызылған,
Қыздарын айт саханың.
Сыңғыр-сыңғыр ән салған,
Шолпысының мақамын.
Ауыстырмас алтынға,
Бәрінің бар тілегі.
Дәстүрі мен салтында,
Ұқсап-ақ тұр жүрегі.
Күміс шашқан ақ қырау,
Лена өзені бұраудай.
Мұздан моншақ тақтың-ау,
Сиқырлы бір құралдай.
Ертелі-кеш ән салып,
Шабыт алдым өзіңнен.
Жатырсың ба қарсы алып,
Бір байқастап көзіңмен.
Қан тамырым лүпілдеп,
Мен де қалыс қалмадым.
Сағынышым шүпілдеп,
Асып-тасқан арнамын.
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Айналаның бәрі әппақ.
Жүгіреді ақ боран,
Әппақ шашын тарақтап.
4-ші дискі
Орман-тоғай, сырлы аймақ,
Лена өзені — неткен бақ.
Сиқырлы әуен тулайды-ақ,
Жүрегімді қосарлап.
Күмбір - хомус үнінен,
Шабыттанып мен тұрмын.
Сұлулықтың тілімен.
Ән айтуға ұмтылдым.
Өз жыры бар Саханың,
Қар астында қайнаған.
Батасын ал атаның,
Жаны жаздай жайнаған!
Қысы қатал болса да,
Көңілдері - гүл сандық.
Балаганда - баспана,
Достық әнін шырқадық.
Дірілі бар хомустың,
Өзімізге таныс тым...
Жел өтінде тұратын,
Әуеніндей қамыстың.
Сыр шертілді ғасырлық,
Өлкелерді өрнектеп.
Жақсыларын асырдық,
Бұл да үлкен бір мектеп!
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Ысқырады ақ боран.
Даланы алып құшаққа,
Әппақ шашын тарақтап.
5-ші дискі
Әй, ақ боран, ақ боран,
Ақ түтектен ақтар ән!
Саха қыздың бейнесін,
Жүрегімде сақтағам.
Қайсарлық бар қанында,
Жақсы сөзге тарынба.
Итшанамен жарысып,
Жүгіріп жүр жанымда.
Көзді ашып, жұмайын,
Мейлі, аунап құлайын.
Ұмар-жұмар боп кетті,
Дейді-ау мені сынайын...
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Ысқырады ақ боран.
Даланы алып құшаққа,
Әппақ шашын тарақтап.
Үндестірген құрдаспен,
Табыстырған мұңдаспен.
Алғыс саған ақ түтек,
Сен де бізбен сырлас па ең!
Сезім кетті сарқырап,
Ішің жылы болған соң,
Қайнап барам бұрқырап,
Көңіл шіркін толған соң.
Әй, ақ боран,
Өзің неткен ыстықсың.
Ойнақтайды ақ қоян,
Дегендей бір күш бітсін!..
Аспан әппақ,
Жер әппақ,
Ысқырады ақ боран.
Даланы алып құшаққа,
Әппақ шашын тарақтап.
Арктика - киелім,
Екі жұртты сүйерім.
Қазақ - Саха бір туған,
Осы сөз ғой - жүйелің,
Көкірекке түйерің!
6-шы дискі
Ақ көрпесін желпіген асқар таулар,
Қыстың мұндай бұл жақта заңы да бар.
Жүйрік хаски жегілген итшанамен,
Үш аруды алысқа алып заулар.
Қар үстінде зымырап шана ағады,
Шаналарды тоқтатар шама қані!..
Жастық жалын ол деген отты жүрек,
Бағынбайтын ешкімге - дара жаны...
Ақ түтекті қаумалап баурап алған,
Түсінбейтін сыртынан жай қараған.
Күміс күлкі, үлпілдек ыстық сезім,
Жүректерге шам болып - жанған арман.
Жанып тұрса осы шам, не жетеді,
Заулағанға жеткенше шама-шегі.
Еркіндіктің ұстау шарт туын биік,
Адамзаттың осы ғой келешегі!
Үш ару - үш нұсқа:
Сұлулық,
Еркіндік,
Батылдық,
Түсінсең - сөз қысқа,
Салтым бар,
Антым бар,
Кепілдік!
7-ші дискі
Аяз қысып, тұрса да дала суық,
Үш ару жүр ақыл мен арман қуып.
Арктика түтегі - қарлы боран,
Тұрғандай бір алдыңда қорған биік.
Итшанамен зымырап біз келеміз,
Секілді бір суықпен туған егіз.
Лена өзені жанында басқаларды,
Әшейін бір жылауық жылға деңіз.
Уа, Жер-Ана!
Керек қой елге пана!
Арктика - көпірі,
Жылу мен суықтың,
Тұрмайтын жеке дара!
Үш ару - секілді бар мұнда Үш негіз:
Адалдық!
Перзенттік!
Келісім!
Осы айтқанды түптеңіз!
Тау-тау болып Ленадан сең ағады,
Төңкеріліп бұрқанып тез ағады.
Лаптевтер теңізіне жетуге асық,
Жеткенше суарады жер-ананы.
Үлпілдеген тон киген сұлуларым,
Салмақты іске жақсы екен жұмылғаның.
Хаскилер де тек алға ұмтылады,
Сезгендей-ақ достықта жылу барын.
Уа, Жер-Ана!
Керек қой елге пана!
Арктика - көпірі,
Жылу мен суықтың,
Тұрмайтын жеке дара!
Үш ару - секілді бар мұнда Үш негіз:
Адалдық!
Перзенттік!
Келісім!
Осы айтқанды түптеңіз!
8-ші дискі
Тоқтамайды итшана,
Қандай қайсар хаскилер.
Тұрқындағы түпсана,
Адам үшін басты иген.
Ақ қар, көк мұз, бәрібір,
Ит болса да "зиялы"...
Тумысынан жаны бір,
Сен үшін жан қияды.
Сенім барда не тұрыс,
Заулаймыз да заулаймыз.
Аяздағы ең батыл іс,
Тоң десе де тоңбаймыз.
Алясканы аралау,
Жай қызық деп ойлама.
Суық бізге емес жау,
Айналаңа сай қара.
Шаттық күйін тартады,
Шын тазалық мұндағы.
Сүмбіл ауа бар тағы
Кіршіксіздік құндағы.
Үш арудың күлкісі,
Таудан асып барады.
Бұл сапардың үлгісі,
Есте мәңгі қалады.
Саналыға Төрт таңсық
Қимайтұғын бар мұнда;
Жапырақтан ұшқан шық,
Қосылса екен айдынға.
Тамшыдан теңіз!
Қойдан егіз!
Жігіттен сегіз қырлы болу!
Ар - намысы құнды болу!
9-шы дискі
... Даланы алып құшаққа,
Керуеніміз жарды мұз.
Артта қалды үш апта,
Бізбен бірге балқыңыз.
От маздайды жүректе,
Үш аруда көп арман.
Кірпіктері дір етсе,
Ұшқын атып жанардан.
Жүздерін үш арудың,
Шымшылайды аяз қырт.
Лүпілі қан тамырдың, -
Жырымда жоқ таяздық.
Арқау еттім бұл күйді,
Өлеңіме жайсаң, бай...
Итшанамыз сүңгиді,
Ақтүтекке тайсалмай.
Жылы сөзге келмес шақ,
Көк мұздың да қаталы.
Шырт сынады сең де асқақ,
Болсын қанша сапалы.
Қиындықты жеңетін,
Ең бастысы достық бар.
Гүлдей жайнап жүретін,
Сіз бен бізде жастық бар.
Таңының жоқ атары,
Күндер өтті тіл кескен.
Үш арудың сапары,
Тыныштықпен үндескен.
Ұзақ сапар - өжет сын,
Жолға шыдау - ірілік!
Сұлулыққа не жетсін,
Сыйған алты құрылық.
Үш ару, үш ару,
Қисынды сапары,
Қисынды сөздері.
Өсиет отаны -
Әдемі өздері.
Итшана сырғиды,
Салты бұл саханың.
Алда бар күн қилы,
Жаттап ал мақамын.
Мақамын жаттап ал,
Жаттап ал, жаттап ал!
10-шы диск
Темірқазық жол нұсқап,
Үш ару жүр сапары: -
Ит тізгінін қолға ұстап.
Жолын тауып жатады.
Сегіз қырлы дер едім,
Бәрін де үш арудың.
Қолдан келген көмегін,
Көрдім, білдім қарымын.
Көк тұманнан шығатын,
Бұрқасыннан жол тауып.
Қайрат беріп тұратын,
Ақылдары байқалып.
Сескенбейтін аңнан да,
Тілін лезде табатын.
Барсын мейлі қай маңға,
Гүл боп өне қалатын.
Білетін сең көшкінін,
Назар салып жұлдызға.
Қатпаса да ешкім үн,
Жаны ашитын құндызға.
Ұйыстырған жұрт қамын,
Білім шіркін - шыңырау.
Хомусынан шыққан үн,
Күмбір-күмбір қоңырау.
Төзімділік, уәде,
Ұстанымы саханың.
Якут тайах тұр әне,
Дэгэл - жылы шапаның.
Жомарттығы және бар,
Қазақтарға ұқсайтын.
Ештеңе жоқ кереғар,
Сен білмейтін, ұқпайтын.
Үш ару! Үш ару!
Сахада - қыс ару!
Айнала бәрі аппақ,
Сезімтал адамға,
Ақ түстен күш алу!
Сұлуға қарап бақ,
Бұл деген шаттыққа тұсалу!
Тұсалу!
Бәрі де сүйкімді,
Дұп-дұрыс, дұп-дұрыс!
11-ші дискі
Мақтанышым - үш ару,
Маңдайының бағы бар.
Жыл бойына қыс ару,
Мұздан моншақ тағынар.
Жарасып тұр бәрі де,
Итшанасы, хаскиі.
Балаганды сәні де,
Болғаннан соң басты үйі.
Саха гүр-гүр етеді,
Жау қашырар әнімен.
Хомус дір-дір етеді,
Әуез тартып әріден...
Дау айтады жырменен,
Дау шешеді жырменен.
Арда қазақ сияқты,
Сөзді сыйлау бұл деген!
Ар-намысты ту еткен,
Сахаларың осындай.
Салт-дәстүрін түлеткен,
Жарқ-жұрқ еткен жасындай.
Алясканың ақ таңы,
Атты, міне, тағы да.
Сүңгі-сүңгі бақтары,
Жолаушысын сағына.
Мұз күре жол, ыңғайлы,
Итшанаға басты изер.
Үш ару қол бұлғайды,
Жұлқынады хаскилер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇