Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.05.2025
147
Ескінің сарқыншақтары
Туа ма алтын дәуірім?
Езіліп бітті бауырым.
Тайраңдап арамтамақтар,
Қорланды талай тәуірім.
Байлардың ғана заманы
Өлшеген пұлмен шаманы.
Жақсысы торға қамалып,
Қасқайып жүрген жаманы.
Еш қайыр болмай биімнен,
Береке кетті үйімнен.
Бағалап жүрміз адамды,
Кісілік емес киіммен.
Қоғамның тартыншақтары
Несімен халқын жақтады?
Жаңаның тілін түсінбес,
Ескінің сарқыншақтары.
Өткеннің кетпей тозығы,
Байқалмас елдің озығы.
"Болашақ жоқ!" деп сарнайды,
Күмбірлеп көңіл қобызы.
Айрылған намыс, арынан,
Қасиет таппай барынан.
Еш қайыр күтпе, қазағым,
Кеңестің қалдықтарынан.
Тәуелсіз елді дамытпас,
Үлесін қосып жарытпас.
Өз қара басын ойлаған
Алаштың атын танытпас.
Ескінің сарқыншақтары,
Пейілін салқын сақтады.
Жаңа леп қана әкелер,
Тарихтың жарқын шақтарын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇