Өлеңдер ✍️
ЫСТЫҚ ҰЯМ САҒЫНЫП САҒАН КЕЛДІМ
(Өтінішпен)
Туған жерім, мекенім саған келдім,.
Амансың ба, сар далам, сәлем бердім!
Жұтайыншы ауаңды рахаттана,
Туған жерін сағынған балаң едім.
Шаңырақтың иесі, киесі бар,
Қалыптасқан өзіндік жүйесі бар.
Туып өскен мекенім, түп қазығым,
Жастығымның айнымас үлесі бар.
Бақытымның базары болған мекен,
Ақ пен қара аралас толған мекен.
Ащысы мен тәттісі бір қайнаған,
Ата-анамның иісі қалған мекен.
Бауырлармен бір жүрген күндерім-ай,
Хош иісті баурайтын гүлдерім-ай!
Ата-анамның қасында еркелеген,
Бала күнгі жұлдызды түндерім-ай.
Ата-анадан болса да бірге тумақ,
Бір ұяда жоқ екен бірге тұрмақ.
Бауырларым байлығым баға жетпес,
Бірге өткізген сендермен күндер қымбат.
Енді өздерің жаныма жақын жандар,
Ата-анамның айнымас ізін жалғар.
Бауырларым аман бол, бақытым сен,
Жанашырым, жақсысын бізге арнар.
Гүлді мекен жайқалған бал дәуренім,
Балалығым осында қалды-ау менің.
Сағыныштан сарғайып, өзіңді аңсап,
Ыстық мекен жанұям саған келдім.
Бұл мекенге төркіндеп келдім бүгін,
Амандасып сәлемді бердім бүгін.
Ата-анамның маған деп берген сыйы,
Ыстық ұям өзіңді көрдім бүгін.
Ата-анамнан сыйлық боп қалған үйім,
Ойын ойнап, әніме салған үйім.
Бүгін міне сен барсың, ата-анам жоқ,
Тұрғанын-ай мұңайып, болмай күйім.
Келдім бүгін құранды оқытқалы,
Еске алып балдәурен уақыттарды.
Бауырларым бар тағы ата-анам,
Орны толмас мен үшін жақұт бәрі.
Мен қызымын осы үйдің шырылдаған,
Ата-анамның жетердей үні маған.
Бүгін міне маздатып шаңырақтың,
Жалындатып ошақтың отын жағам.
Ас беремін сендерге дұға қылып,
Әр күніме шүкірлік қыла жүріп.
Қос қанатым сендерді, әкем-анам,
Еске аламын жүрегім жылап тұрып.
Бауырларым өмірден ерте өткен,
Шын өмірге орнығып, мекен еткен.
Жалған өмір, қамшының сабындай-ақ,
Бір-ақ демде жатсынып, бөтен еткен!
Келдім бүгін жырымды сіздерге арнап,
Туған жерден күш алып, биік самғап.
Жандарыңыз жаннаттан болсын дәйім,
Мекеніңді пейіштің күні жалғап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇