Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  60


Автор: Серікбай Оспанов

Ұқсамайсың ешкімге

Алатаудың алқына аққан селінен


Құдіретті,


Неткен ғажап сезім ең?!


Ешкімге де ұқсатпаймын сені мен,


Жаралғансың домбыраның ішегінен!


 


Қолым тисе дір-дір етіп бар денең,


Жан бересің!


Мен де саған жан берем!


Тамағыңнан бүлк-бүлк еткен ән көрем,


Жанарыңнан тамылжыған таң көрем!


 


Қабағыңнан күн көремін, ай көрем,


Келбетіңе кереметтей сай денең!


Көңілімнен ұшып шығып,


Бұйыққан


Саған қайта кең құшағын жайды өлең!


 


Ернің, көзің, өзің еріп, елжіреп,


Лебізіңнен еседі кіл жел жібек.


Қысамын да бауырыма,


Сезінем


Құшағымда лүп-лүп еткен сен – жүрек!


 


Елеусіздеу өстім деме, өстім де,


Ұқсамайсың ешкімге де, ешкімге!


Екеумізде ес қалмайды жолықсақ,


Сенсің еркем, ессізім де, естім де!


 


Неткен сезім,


Неткен жүрек,


Кең көңіл,


Тосқауыл жоқ тасқындаған селге бұл!


Алаңдама, ұқсатпаймын ешкімге,


Саған ғана сенемін мен,


Сенде – Өмір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу