Аңыздар ✍️

  03.04.2023
  125


Автор: Серікбай Оспанов

«Тепеңкөк»

Ерте-ертедегі
Өзен, көлді өлкедегі
Күй – аңызды домбырада
Өнерпаздар шертеді енді.
Көрген қазақ халқы көпті,
Өмірде азап тартып өтті.
Тепеңкөк деп аталатын
Бір қойшының аты бопты.
Басқа аттардан алабөтен
Шаба алмайтын шабан екен.
Сондықтан да иесі оны
Қой соңына салады екен.
Ат сыншысы тепеңкөкті
Көріп: «Жүйрік екен» – депті.
«Мазақ еттің неге бізді?» –
Деп ол сөзге ел сенбепті.
Сонда сыншы:
– Көріңіздер,
Бұл шын сөзім, сеніңіздер.
Күні-түні баптаңыздар,
Жемге сұлы беріңіздер.
 
Елдің бəрі мақтайды ертең,
Бұл жүйрікке таппайды ел тең.
Арқасына жүк артыңдар,
Бүйірі қызбай шаппайды екен.
Тыңдаңыздар енді мені», –
Деп ол елді сендіреді.
Арқасына Тепеңкөктің
Жүк сап сосын желдіреді.
Бусанып ол терлегенде
Желдей еседі өрден-өрге.
Иесі де аң-таң болып,
Таң қалады көрген ел де.
Бəйге бермей жүйріктерге,
Талай-талай құйғытты өрге.
Сондықтан да «Тепеңкөк» деп
Атын оның күй ғыпты ел де.
Қызса ол тыныш тұра алмаған,
Қара алдына шығармаған.
Осы күйден шабандоздың
Үні естіледі ұрандаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу