Әңгімелер ✍️
Ең жақсы маусым
– Айнұр, сен жылдың қай мезгілін ұнатасың? – деді папасы не дер екен деп. – Мен бе?
– Иә, сен.
Айнұр сәл ойланып қалды.
– Мен көктемді ұнатамын. Көктем – ең жақсы маусым. Қар ериді. Жылға ағады. Жылғаға қағаз кеме жүздіріп ойнайсың. Алыстан құстар ұшып келеді. Бау-бақтар көгереді. Гүл деген көздің жауын алып, қаптап өседі. Ең бастысы, мамалардың мерекесі бар...
– Сонымен сен көктемді жақсы көресің ғой?
– Жо-жоқ. Ең жақсы мезгіл – қыс. Сондай ғажап. Айнала ақ көрпеге оранады. Аспаннан жерге аппақ көбелектер ұшып қонады. Шанамен армансыз сырғанайсың. Коньки тебесің. Жаңа жыл келеді. Аяз Ата көп-көп базарлық береді. Шыршаны айналып би билеп, ән шырқаймыз. Бәрінен бұрын өзендер демалып, әбден ұйқысын қандырады.
– Өзендер ұйықтай ма?
– Әрине, ұйықтайды. Олар көктем, жаз, күзде аға-аға әбден шаршайды ғой. Қыста демалады. Мұз боп қатқаны – ұйықтағаны.
– Солай де. Сонымен сенің ең жақсы көретін мезгілің қыс болды ғой?
– Жоқ. Ең жақсы маусым – күз. Күзде барлық жеміс-жидек піседі. Сабақ басталады. Тек өкініштісі, құстар басқа жаққа ұшып кетеді. Дала бір түрлі мұңайып қалады. Әйтпесе күз жақсы.
– Сонымен сенің ең жақсы көретін маусымың қайсы? – Ең жақсысы ма?
– Иә. – Жаз.
– Неге?
– Жазда ең ұзақ каникул. Үш ай армансыз ойнайсың. Жазда – тамыз айында менің туған күнім бар. Ең жақсы маусым – жаз. Бірақ, папа, жыл мезгілдерінің бәрі жақсы. Олардың ешқайсысын да ренжітуге болмайды.
– Неліктен?
– Солай. Мәселен, қысты жаман десем, ол уақытында келмей қойса, қайтеміз? Шанамен сырғанай алмаймыз. Коньки теппейміз. Аяз Ата жоқ. Күзді жаман десем, бау-бақшалар жемістерін бермей қояды. Көктем жаман десем, құстар келмейді. Жер көгермейді. Жазды жаман десем, каникулсыз қаламын. Туған күнім болмайды. Жоқ, папа, олардың бәрі де жақсы. Мен бәрін де ұнатамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇