Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  239


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Гүл мен тіл

 


 


Гүл шоғына неге септің әтірді?


Оны осылай етпекпісің татымды?


Гүл сатушы – тілі бөлек қандасым,


Ерсі көрдім гүлге иіссу шашуды.


 


Мемлекет те гүл сияқты, мысалы,


Мемлекеттің тілі – гүлдің жұпары.


Бөтен иіс сезілгенде раушаннан,


Алқымымды өкініш кеп қысады.


 


Көп, өзгеге еліктеуді сән көрер,


Тектілік, ол қасиетпен өлшенер.


Қандай ғана құндылығы қалады,


Гүлдің бәрі бір иісті болса егер?!


 


Ием бізді жаратты етіп көп түрлі,


Әралуандық


                дүр дүниені хош қылды.


Зор қасірет – қасиетіңнен айрылу,


Кім жақтырсын өз жұпары жоқ гүлді?!


 


Айнымаған асыл текті қалпынан


Зор қасиет көрем ұлттың салтынан.


Әрбір елдің тіл, дәстүрі ерекше,


Әрбір гүлдің жұпарындай аңқыған.


 


Жұпар аңқыр туған жердің құшағы,


Жұпарға елтіп, шырқар өлкем құсы әнін.


Шетте жүріп дала жырын оқысам,


Сезінгендей болам жусан жұпарын.


 


Гүлдің тілін ұғар ма екен көп кісі?


Гүлдің сыры – асыл жырдың тәттісі.


Әз елімнің жұпарына құмартып,


Қонсын мәңгі тәуелсіздік – бақ құсы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу