Ұлттық валюта – тәуелсіздік нышаны


Тақырыбы: Валюта – тәуелсіздік нышаны

Мақсаты: Қазақстанның ұлттың ақшасына көшу тарихы, оның маңызын түсіндіру.
Білімділік: ақшаның пайда болу тарихы, өз ұлттық теңгеміздің айналымға кіруі, қалай, кімдер жасағаны туралы мағлұмат беру. Басқа ел валюталарымен таныстыру. Жаңадан айналымға енген ұлттық валюта, оны енгізудің қажеттілігі, безендірілуі туралы кеңірек таныстыру.
Дамытушылық: оқушылардың ақша туралы түсініктерін кеңейту, белсенділіктерін дамыту.
Тәрбиелік: оқушылардың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін ояту.
Көрнекілігі: теңгелер бейнеленген плакаттар, кітап көрмесі, көрмеге басқа елдер ақшалары мен монеталары қойылады, слайд шоу қазақ ақшалар, кестелер, ұпай беру үшін ақшалар қолданылады

Эпиграфы: «Қазақстан теңгесі әрдайым халық игілігіне қызмет етіп, еліміздің баюына және гүлденуіне ықпал етсін» (Н. Ә. Назарбаев)
1 - жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар! “Теңге – тәуелсіздік нышаны” атты тәрбие сағатымызды бастаймыз. Тәуелсіздік алған елдің ең бір айрықша белгісі - ұлттық валюта. Ол Қазақстан Республикасының төңірегінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ұлттық валютамыз Қ Р Президенті 1993жылы 12 қарашадағы жарлығымен 1993 жылдың 15 қараша күні таңертең сағат 8 00 ден бастап енгізілді.

2 - жүргізуші: Әрине, теңге бірден төрт аяғын тең басқан жорғадай жолға түсіп кеткен жоқ. 1994 - 1996 жылдар оның құнсызданған кезеңі болды. Дегенмен, теңгеміз тұралағанымен тіршілігін тоқтатқан жоқ. Ұлттық валютаның ел экономикасын тұрақтандыруда ықпалы зор болды. Соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысына да төл теңгеміз төтеп бере алды. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ұлттық валютаның тұрақтылығы мен орнықтылығын сақтауы мемлекеттің қаржы саясатындағы қарымды істерінің нәтижесі.
Ұлттық валютаның болуы ұлт тәуелсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ендеше, теңге күні тәуелсіз еліміздің елеулі мерекесінің бірі екені сөзсіз.

1 - жүргізуші: Қазақстан 1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзінің нағыз дербес мемлекет екендігін паш еткен оқиғалардың бірі – төл валюта – теңгені айналымға енгізуі болды. Осы кезден бастап мемлекеттің экономикалық құрылымы түбегейлі өзгеріп, жаңадан жасақтала бастады. 1992 жылы елде төрт адамнан құралған дизайнерлер тобы жасақталды. Теңгенің авторы болу бақыты дизайнерші Тимур Сүлейменов, қылқалам шеберлері Қайролла Ғабжалилов, Мендібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелхановтың үлесіне тиді. Олар Ұлыбританияның дымқыл ауасын жұтып, үлкен еңбектерінің нәтижесін теңгені елге жеткізді. 1993 жылдың 15 қарашасында теңге айналымға енді. Осы тарихи күннен бастап 15 қараша Қазақстанда ұлттық валюта күні деп аталады. Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі - ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы.
2 - жүргізуші: Халқымыз теңгені бұрын да пайдаланған. Теңге атауы орта ғасырлардан бастау алады. VIII - IX ғасырларда әр билеушінің өз руының рәміздері бейнеленген теңгелері айналымда жүрді. XIV ғасырдың аяғында Қазақстан аумағында Әмір Темірдің мәнеті айналыста болды.
1 - жүргізуші: XVI - XVIІІ ғасырларда мыс тиындар қолданыста жүріп, Қазақстанның Орта Азия мемлекеттерімен және Ресеймен сауда - саттық байланыста болғанын айғақтайды. Қазақтың «тәнге» деген ақша атауынын орыстың «деньги» деген сөзі шыққан. Ерте замандарда теңгелерді Түркістан, Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда жасаған.
2 - жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар, енді теңгенің айналымға келу тарихымен танысайық. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Теңге өмірге оңайлықпен келген жоқ. Елбасымыз өз теңгемізді шығаруға қаржыгерлерге арнайы тапсырма берді. Ұлттық валютамыздың өз дизайні, өз идеясы болуы керектігін қатаң тапсырылды. Қазақстан аймағында ерте кезеңде қандай ақша болғанын, тарихта бұл жөнінде қандай деректер бары іздестірілді.
1 - жүргізуші: 1992 жылы тамыздың 27 - сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғаларының әл - Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абайдың бейнелері басылды. Екінші бетінде ою - өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, елтаңбамыз салынған. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлеловтер Англияға аттанды.
2 - жүргізуші: 1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты. Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты. Теңгенің 16 - ға жуық құпия қорғанысы белгісі бар. Қазақстан теңгесі қазіргі ақша жасау технологиясының соңғы жетістіктеріне сүйеніп жасалған. Құпия белгіні үкінің көзімен қарасаңыз да, байқай алмайсыз.
1 - жүргізуші: 1993 жылы қарашаның 12 - сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Арада үш күн өткен соң, 15 қараша күні таңертеңгі сағат 8 - ден басталып, 20 қарашада сағат 20 - да аяқталып тәуелсіз Қазақстан Республикасының өз валютасы қаржы нарығында айналымға енгізіп, елдің қолына тиіп, ел мәре - сәре болысты. Өйткені төл теңгеміз тәуелсіздігіміздің басты белгісі еді.
Эльвира: Мен «Теңгемін, теңгемін!»
Қазақ деген елденмін.
Тәуелсіздік – тұғырым,
Жарқын менің ғұмырым!
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4, 75 теңге болып бекітілді.
Теңге, теңге, теңгелер,
Теңге адамға дем берер.
Тіршіліктің арбасы,
Теңгеменен дөңгелер.
1 - жүргізуші: Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнот — Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — облысымыздың орталығы Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
2 - жүргізуші: 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурыздағы № 2155 «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42 - бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді:
— инвестициялық монеталар — инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар;
— коллекциялық монеталар — коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;
— айналыста жүретін монеталар — қымбат емес металдан дайындалған және қолма - қол айналымға арналған монеталар.
1 - жүргізуші: Елімізде инвестиялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды.
ҚР 1995 жылғы 30 наурызда № 2155 Заңына сәйкес ҚР Ұлттық Банкі 2006 жылғы үлгідегі номиналы 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттары айналысқа шықты. Алдыңғы шыққан ақша мен қазіргі шыққан ақшаның арасында айырмашылықтар бар.
1 - оқушы: Әділет
Теңгенің орталық бөлігінде «Астана - Бәйтерек» монументі бейнеленген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны ноталарының фрагменті ақ түспен безендірілген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы жасыл түспен бейнеленген. Жоғары оң жақ бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы бейнеленген. Банкноттаның төменгі жағында ашық алақан бейнеленген. Бұл бейбітшіліктің белгісін білдіреді. Негізгі бейнесі: Қазақстан картасының контуры, алдыңғы жағында ҚР көлік және коммуникация министрілігінің үйі және Астанада Есіл өзені арқылы көпірде орнатылған қанатты барыстың суреті салынған.
2 - оқушы: Ақерке 200 теңге
Негізгі бейнесі: Қазақстан қартасының контуры, алдыңғы жағында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің үйі және Астанада Есіл өзені арқылы көпірде орнатылған қанатты барыстың біреуі, артқы жағында ҚР Қорғаныс министрлігі және жайлау. Сол жақ төменде оң жақ үстінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал орта жақ төменде - орыс тіліндегі әріппен белгісі орналасқан. Ортасында жоғары жағында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ»жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жалған ақша жасау жауапкершілігін ескеретін “Подделка банкнот преследуются по закону“ деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғары сол жақ бұрышында орналасқан.
3 - оқушы: Айбек 500 теңге
Негізгі бейнесі: Қазақстан қартасының контуры, алдыңғы жағында ҚР Қаржы министрлігінің үйі, Астана қаласы әкімшілігінің үйі, артқы жағында теңіз үстіндегі шағала. Сол жақ төменде және оң жақ үстінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал орта жақ төменде - орыс тіліндегі әріппен белгісі орналасқан. Ортасында жоғары «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазуы және эмитент банктің логотипі орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғары сол жақ бұрышында орналасқан.
4 - оқушы: Нұрия 1000 теңге
Негізі бейнесі: Қазақстан қартасының контуры, алдыңғы жағында Президент мәдени орталығының үйі, артқы жағында таулар. Сол жақ төменде және оң жақ үстінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал орта жақ төменде – орыс тіліндегі әріппен белгісі орналасқан. Ортасында жоғары жағында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жоғарыда ортасында “Подделка банкнот преследуется по закону“ деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғарғы сол жақ бұрышында орналасқан.
5 - оқушы: Нұрбол 2000 теңге
Негізі бейнесі: Қазақстан қартасының контуры, алдыңғы жағында Алматы қаласындағы Абай атындағы опера театры, артқы жағында тау өзені. Төменгі сол жақ бөлігінде және жоғарғы оң жақ бөлігінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал төменде ортада орыс тіліндегі әріптік белгі орналасқан. Жоғарыда ортасында “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ“ жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жалған ақша жасау жауапкершілігін ескертетін “Подделка банкнот преследуется по закону“ деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғары сол жақ бұрышында орналасқан.
Күй. Ақжан Сарыарқа.
6 - оқушы: Айдана 5000 теңге
Негізі бейнесі: Қазақстан қартасының контуры, алдыңғы жағында Қазақстан Республикасының Президентінің Ақорда резиденциясы, артқы жағында каньондар. Төменгі сол жақ бөлігінде және жоғарғы оң жақ бөлігінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал төменде ортада орыс тіліндегі әріптік белгі орналасқан. Жоғарыда ортасында “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ“ жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жалған ақша жасағаны үшін жауапкершілікті ескертетін “Подделка банкнот преследуется по закону“ деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғары сол жақ бұрышында орналасқан.
7 - оқушы: Салтанат 10000 теңге Өлшемі: 149х79 мм Басым түсі: күлгін көк Бет жағында: суреттер негізінен тігінен орналасқан. Негізгі бейнелер: банкнотаның оң жағында «Қазақ Елi» монументі және төменгі бөлігінде ортада ұшып жүрген кептердің бейнесі. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары бейнеленген: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық белгіленуі басылған, сол жақта ортада – номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгіленуі жазылған. «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу сол жақ жоғарғы бұрышта орналасқан, оның үстінде қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін мемлекеттік тілде «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген жазу бар. Сырт жағында: суреттер негізінен көлденеңінен орналасқан. Негізгі бейне: Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы Ақорда, артқы көріністе Қазақстан картасының пішіні. Сол жақта төменде, оң жақта жоғарыда және оң жағынан ортаға қарай банкнота номиналының цифрлық белгіленуі, ал төменде ортасына қарай – орыс тілінде әріптік белгіленуі орналасқан. Жоғарыда ортада «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу басылған, сол жақ жоғарғы бұрышта ақ түсті бос орында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазу орналасқан.

8 - оқушы: Наурызбек Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Түні нұрлы, ақ таңы,
Жері гүлдей бақтағы.
Ел ырысы – тайқазан,
Төл теңгеміз қақпағы.
Қазынамыз толығып,
Болсын дәйім жолы құт!
«Төл теңге – ел тірегі!»
Деп құрметтер оны жұрт.

ІІ бөлім. « Теңге — ұлттық табыстың кепілі» / сайыс/ (Катысушы топтар: сынып екіге бөлінеді) Әрбір топ өзінің қоржынына дұрыс жауап үшін берілген ақшаны жинайды. Кімнің ақшасы көп болса, сол топтың жеңгені. Жеңістерден көріну ұрандары
Көңілді және тапқыр ұлан бәрі
Өнерлерін ортаға шығармақшы
Сахнамызда «тиын» және «табыс» қырандары.

1. Ребус шешу арқылы топтың атын құрау.

«Табыс» «Тиын»
Сайысымыздың «Ұшқыр ойдан ұтымды жауап» атты І - кезеңі сұрақтарға жауап беру

- Он алтыншы Желтоқсан қандай мереке?
- Қазақстанда тәуелсіздік туралы заң қашан қабылданды?
- Тәуелсіздік белгілерін атаңдар.
- Конституция қай жылы қабылданды?
- Қазақ тілі қай жылы мемлекеттік мәртебе алды?
- Қазақстан Республикасының рәміздері қай жылы қабылданды?
- Тудың авторы кім?
- Елтаңбаның авторы кім?
- Жаңа әнұранның сөзін, әнін кім жазды?
- Алғашқы рет жаңа әнұран қайда орындалды?
- Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы қай жылы қабылданды

2.«Әр елде — өз валютасы»

а) «Табыс»

Италия – лира
Куба – песо
Үндістан – рупия
Иран – риал
Қырғызстанда -/сом/
Ресейде -/рубль/
Германияда — /марка/

Америкада — / доллар/
б) «Тиын»Ұлыбританияда -/фунт/
Украинада — /гривна/
Қытайда — /юань/
Тәжікстанда — /манат/
Өзбекстанда — /сум/
Түркияда - /лира /
Латвияда - / лат /
Кореяда — / йена /

3. Жағдаяттар шешу. Топ болып талқылап, жауабын сахналаңыз.
«Табыс» 1 - жағдай: Биылғы оқу жылында қазақ тілі оқулығы жетіспейді, базардағы оқулық бағасы 800 теңге. Анаң туыстардан оқулығыңды тауып әкелді. Бірақ оқулық ескі. жыртық. Сен оқулықты ұстағың келіңкіремей тұр. Сенің іс - әрекетің …?

2 - жағдай: Сен екі ініңді бала бақшадан алып қайттың. Інілерің қарындары ашқандарын айтты. Сенде 60 теңге бар. Балмұздақ 60 теңге, 3 алма 60 теңге, 1 қорап сағыз 60 теңге Қай затты алар едің? Неге?

«Тиын»1 - жағдай: Сенің былтырғы етігің өзіңе шақ. Бірақ оны кигің келмей тұр. Жыртық болмағанмен, ескі. Ойыңды әкеңе айтып едің, әкең айлық әлі алмағанын айтты. Сенің әрекетің…?

2 - жағдай: Мұғалім бүгін сағат екіде цирк болады деді. Билет бағасы – 300 теңге. Сондай - ақ информатика оқулығы 300 теңге, алмасақ болмайды, сабақ өте алмай қаламын. Не істейсің?

4. Сергіту сәті. «Теңге алу» ойыны
5. Менің қиялымдағы теңгем (өздері салып келген теңгелерін қорғау.)

6. Сайысымыздың «Кім жүйрік атты» екінші кезеңі әр топтан топ басшылары шығып 1 минуттың ішінде 16 сұраққа жауап беруі тиіс

1. Қазақстан Республикасының валютасы - Теңге
2. Ақшаның тұрақсыздануы, құнсыздануы - Инфляция
3. ҚҰБ банкінен басқа теңге сарайы қай қалада орналасқан — Өскемен.
4. Бір мемлекетте қабылданған ақша өлшемі - Валюта
5. Көрсетілген, белгіленген баға — Номинал
6. Әзербайжан валютасы - Манат
7. Қоғамда үстемдік етуші өндіріс тәсілі - Экономика.
8. Армения валютасы - Бран.
9. Айырбас деген ұғым нені білдіреді - Бартер
1. Мемлекеттік банк шығаратын, айналыстағы ақша қызметін атқаратын билеттер - Банкнот
2. Бір елден екінші елге үшінші бір елдің жерін басып өту арқылы жүк тасу - Транзит
3. Монғолия валютасы - Тугрик
4. Қ. Р ең алғаш астанасы - Қызылорда (Қамыс қала, Ақмешіт)
5. Үндістан валютасы - Рупии
6. Алғаш монеталар қай ғасырда пайда болды - V ғасырда ежелгі Грецияда
7. Кез - келген тауар құнын білдіретін ерекше тауар - Ақша
8. Грузия валютасын ата - Лари
9. Пайда, табыс табу мақсаты мен күрделі қаржының ұзақ мерзімге жұмсалуы - Инвестиция
7. Қорытынды. Кітаптан алып ағаш бәйтерек жасау, оны ақшамен безендіру. Қорытынды шығару: Ақша еңбекпен, біліммен келеді.

Марапаттау. Жинаған ақшасына қарай заттарды сатып алу.

2 - жүргізуші: Біздің Отанымыз – егеменді, тәуелсіз қазақ мемлекеті. 130 - дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңдігі керемет дархан далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі мыңғырған, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады. Олай болса Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай, оны ен қымбат бұйымымыздай сақтап, құрметтеп келер ұрпақтар қолына аманат етіп тапсыруға тиіспіз. Мың жаса, тәуелсіз Қазақ елі! – дей келе «Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Нәтижесінде: Еліміздің экономикасын дамытушы, жоғары икемді, ұқыпты тұлға біз боламыз

Қорытынды (мұғалім сөзі): – Жоғарыда айтылғандай, еліміздің Тәуелсіздігі мен ұлттық валюта – ажырамас ұғымдар. Ал теңгеміздің орнықты болуы, сонымен қатар, қаржы саласының тұрақты болуы тәуелсіздігімізді арттыра түсетіні хақ. Біз әлі жас мемлекетпіз. Солай бола тұрса да 31 жылда біраз жақсылыққа куә болып үлгердік. Әлі де асар асуымыз, алар белесіміз алда. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан республикамызға «Көк байрағың биіктеп, арманыңа жет, Алашым» деп тілек айтпақпыз. Тәуелсіздік таңы арайлап атып, егемендігіміз еңселі бола берсін дей келе бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір тілеймін. Назарларыңызға рахмет!

Шығыс Қазақстан облысы,
Қабанбай ауылы, Үржар ауданы,
“Жарбұлақ орта мектебі„ КММ
Қасенова Жанар Қабимоллақызы

Презентациясын жүктеу

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу