Туған күнге арналған өлең тілектер


Құрметті оқырмандар! Осы мақалада өлең болып жазылған туған күніңмен, туған күнге тілек деп құттықтау тілектер жарияланды!

Туған күнің құтты болсын

Пәк көңілің шаттықта арайлансын,
Ақ жүзіңде лайым нұр ойнасын.
Туған күнің бүгінгі құтты болып,
Жарқын күндер аша берсін шарайнасын.

Көктемнің күлімдеген күніндей бол,
Қырларды басып шыққан гүліндей бол.
Шәмшінің әнін айтып, тербеп елді,
Күлпаштың сағындырған үніндей бол.

Бақытың мен байлығың ортаймасын,
Ашық болып аспаның, гүлдей жайна.
Бұл өмірдің сынды сәті байқалмасын,
Әрбір күнің сәтті боп, күліп-ойна.


Құтты болсын туған күнің келіп жеткен,
Баршамызды шаттықты, көңілді еткен.
Әр жыл сайын келетін бақыт сыйлап,
Туылған күн шынайы тебіренткен.

Жастан жасқа амандықта жете бергін,
Арманың мен мақсатың бірге үндесіп.
Отбасың мен жақындарың аман болсын,
Бір жүретін қуанып, көңілдесіп.

Бар әлемнің бақытын тілеймін мен,
Алла өзі жар болсын, сені қолдап.
Әрбір күнің сәттілікте бола берсін,
Бақ-береке басыңа бақыт орнап.


Туған күннің есуде таң самалы,
Бұлбұл құстар шырқайды, ән салады.
Құтты болсын туған күнің келіп жеткен,
Бұл тілегім өзіңе арналады.

Мерейлі жасың қуантып, бақ сыйласын,
Қуанышын көп беретін сәт сыйласын.
Арман менен мақсаттарың орындалып,
Абыройлы, мақтан етер ат сыйласын.

Жұлдыздайын жарқыра, шаршамағын,
Жастан жасқа амандықта әркез жетіп.
Алла өзі жар болсын, қолдап сені,
Жүрсін деймін қуанышты, бақытты етіп.



Келіп жетті күнің де күлімдейтін,
Жеке меншік мерекең, туған күнің.
Құтты болсын бүгінгі төл мерекең,
Сәттілікпен жалғасып әрбір күнің.

Армандарың орындалсын сен аңсаған,
Абыройың асқақтап, бағың артып.
Биікке өрлеп, асуларды еңсере бер,
Бұл өмірдің қызығына балқып-шалқып.

Нұр ойнасын жүзіңде күлімдей түс,
Жұлдыздайын жарқырап, жанып бағың.
Алла жар боп әрқашан болшы аман,
Аман болып отбасың, жақындарың.


Өмір сені бесігінде тербей берсін,
Қуанышын, бақытын сыйлап саған.
Құтты болсын бүгінгі төл мерекең,
Тілегімді айтайын арнап саған.

Әрбір күнің сәтті болсын, тәтті болсын,
Сезіндіріп өзіңе балдай дәмін.
Алла жар боп өзіңді қолдасын тек,
Арайлы боп шуақты атар таңың.

Көңіліңде жайма шуақ орнай түссін,
Арманың мен мақсатың самғай түссін.
Бақытты күн жалғасып әрбір күні,
Жаратқаным бар жақсысын арнай түссін.


Таудай талап тілеймін, бақытты бол,
Таусылмас талант тілеймін, шаттықты мол.
Туған күнің бүгінгі құтты болып,
Бар жақсылық орнасын, айтарым сол.

Табыстарың тамаша, көбейсін тек,
Арманыңа жете бер сен күлімдеп.
Жайдар көңіл тілеймін, ашық аспан,
Сәттілік жалғасып әр күнің тек.

Қайтпас жігер тілеймін, жайма шуақ,
Алла жар боп өзіңе берсін қуат.
Жастан жасқа амандықта жете бергін,
Жаздың жайма күніндей сен жадырап.


Өміріңіз көктемдей жайнай берсін,
Бағыңызда бұлбұл құс сайрай берсін.
Құтты болсын жеке меншік мерекеңіз,
Қуаныш пен үйіңізге бақыт енсін.

Жадырасын жаныңыз жаздай болып,
Өміріңіз жалғассын балдай болып.
Көңліңіздің аспаны ашық болып,
Жарқыраңыз сәтті атар таңдай болып.

Арманыңыз орындалсын, мақсатыңыз,
Жан сарайы күлімдеп жайма шуақ.
Жастан жасқа жетіп сіз амандықта,
Берсін деймін әрқашан Алла қуат...


Құтты болсын бүгін сенің туған күнің,
Сыйлай берсін өзіңе өмір гүлін.
Арман менен мақсатың бірге ұштасып,
Қуанышқа толы болсын әрбір күнің.

Өмірің бұл көктемдей жарқын болсын,
Жаздың жайма күніндей жылы болсын.
Алтын күздей жарқырап ақ көңілің,
Аппақ қардай тап-таза өмір болсын.

Амандықта жете бер әрбір жасқа,
Аман болып жақының, туыстарың.
Алла өзі жар болып, қолдасын тек,
Күннен күнге құлпырып жаздай жаның.


Құтты болсын туған күн келіп жеткен,
Жаныңызға нұр сыйлап, күлімдеткен.
Бұл жасыңыз шаттығына бөлей берсін,
Күндеріңіз көп болып бақытты еткен.

Асқақ арман, мақсатыңыз орындалсын,
Алла өзі жар болып, қолдап, қорғап.
Бар әлемнің тілеймін бар асылын,
Шын жүректен өзіңізге тілек жолдап.

Аман болсын отбасыңыз, жақыныңыз,
Шаттықта өтіп, қуантып әр күніңіз.
Жүз жасаңыз Алла сізге ғұмыр беріп,
Қасыңыздан табылып бақытыңыз.


Кеудеңдегі жүрегің тоқтамасын,
Ұзақ ғұмыр тарту етіп Алла саған.
Құтты болсын бүгінгі жаңа жасың,
Шаттана бер күн сайын артып бағаң.

Асқақ арман, мақсатың бірге үйлесіп,
Орындалсын сәтті боп әрбір қадам.
Көңіліңнің аспаны ашық болып,
Бір өзіңе тәнті болсын барлық адам.

Көкжиектен күн шығып, күлімдесін,
Бұл өмірдің салқыны білінбесін.
Жанарыңа қуаныш мәңгі орнығып,
Қиындықтар есігіңнен үңілмесін!


Бүгін шаттық, қуаныш тойланар күн,
Бүгінгі күн бақытқа айналар күн.
Әр жыл сайын келетін қуандырып,
Құтты болсын меншікті туылған күн.

Бойыңызда көшбасшылық бар қасиет,
Жақсылықты жақсыға жалғап жүрер.
Ашық-жарқын мінезіңіз жанды баурап,
Бақыты мен шаттығын таңдап жүрер.

Жаңа жастың сезініңіз бал-қаймағын,
Жаңа күннің тіл үйірер балдай дәмін.
Ғұмырыңыз ұзақ болып, жүз жасаңыз,
Алла сізге сыйлап күннің арай-бағын.


Мерейлі жүзің жайнасын, жарқырасын,
Дархан пейлің өзіңе бақ әкеліп.
Туған күнің бүгінгі құтты болсын,
Қуанышты, шаттықты сәт әкеліп.

Қанаттарың талмасын, биік самға,
Өмір сыйлап өзіңе арай бағын.
Күлімдей түс, саулығың мықты болып,
Жаз көңілің мәз болып, жайнап жаның.

Жігерің мықты болсын тек, алға баста,
Сынды күндер кезіксе асып-саспа.
Алла өзі жар болып, қолдап сені,
Амандықта жете бер жастан жасқа.


Көрдің алғаш бүгін жарық әлемді,
Іңгәләған даусың әнге бөленді.
Сүтін емдің қосып ана үнімен.
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Тәй-тәй басып қадам жерден құлайсың,
«Апа», «Ата» дейсің мәме сұрайсың.
Мамалаған күнім балдай тіліңнен,
Бірге толдың балам,
туған күніңмен.
Жеті құлап мамық жердің бетіне,
Құлындайын тулап толдың жетіге.
Тайға мініп, құмар едің ертекке,
Жігіт болдың!барасың сен мектепке.
Бәйге атындай баптап шықтық түнімен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Мамырлаған әлем ойың өрісте,
Көңілің пәк, жаның нәзік періште.
Балауса өмір құрбы доспен ғажап- ақ,
Кәмелетке жеттің енді азамат.
Он сегізге келгенің бе шынымен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Жиырма беске толдың сөзің салмақты,
Аруларға жігіт салар қармақты.
Көк аспанға сиқыр сезім шарлатты,
Кеудеңдегі бақыт құсын сарнатты.
Құттықтаймыз!
сені ғашық гүліңмен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Өгіз болып өрге тартып арбаңды,
Жегілесің иыққа асып дорбаңды.
Бұзамын деп талпынасың ордаңды,
Қамшылайсың намыс атты жорғаңды.
Отыз көктем гүлдеп өткен жүзіңнен,
Құттықтаймыз!
сені туған күніңмен.
Шыққаннан соң төбесіне қырқаның,
Ойланасың бала қамын, қыр қамын.
Алғаннан соң аздап өмір сабағын,
Байыптайсың үлкен, кіші қабағын.
Құрдастарың думандатып түнімен,
Құттықтайды сені
туған күніңмен.
Ердің жасы еңселеген елуде,
Тәңір жазар немерені көруге.
Өтер қызу қызметтің бабымен,
Той, қаза мен құдалықтың қамымен.
Ақ самай мен бас қасқалау бүлінген,
Құттықтайды сені туған күніңмен.
Асқаралы алпыс екен нар қасқаң,
Қара шашты өмір отап қар басқан.
Болмаған соң мына тірлік ойыңдай,
Шүкір дейсің бір құдайды мойындай.
«Ата»-дейді қариялықтың басы деп,
Пайғамбардың келген осы жасы деп.
Жарқырап бір тасып жатса дәулетің,
Құттықтайды
мерей тоймен әулетің.
Тағдыр салып кәрі әжім қолдарын,
Келбетіңе сызып кетер жолдарын.
Тісің түсіп жау шапқандай еліңді,
Уақыт шіркін бүгіп берер беліңді.
Ата, әже дейді күліп шөберең,
Жетпіс жаспен дейді,
сүйіп немерең.
Бергеннен соң сексен жастың сапарын,
Уақыт-өмір себер улы қаһарын.
Көргеннен соң сирегенін қатарың,
Сезінесің мына күннің батарын.
Тәңірі өзі жібергендей жазасын,
Көтере алмай дос, бауырдың қазасын.
Ұл, келінің жас баладай мәпелер,
Дәм бұйырып тоқсан келсе тозасың.
Жүзге бірақ мыңның бірі жетеді,
Ғасыр солай, өмір солай өтеді.
Айдай анық дүние жалған екені,
Шақырады мәңгіліктің мекені.
Ойламайсың бұл өмірден өтем деп,
Жатқаныңда мәңгілікті мекендеп.
Әулетіңмен, туған-туыс, бауырың,
Еске алады,
туған күні екен деп


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу