Қыз ұзату тойы: Қызға құттықтау, тілектер
Құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт, достарымыз бен жолдастарымыз!
Шынымды айтсам, сіздердің алдарыңызда шаңырағымыздан ұшырғалы отырған ақ көгершіндей аяулы қызыма қандай ақ жол, сәт сапарлық тілек тілерімді білмей толқып тұрмын. Ең дұрысы, негізгі сөзімді қызыма арнағаным жөн сияқты…. Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің! Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де,тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да… – бәрі-бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Енді міне бүгін өмірлік серік-сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын. Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен – қыз бала жат жұрттыққа жаралған. Айналайын қызым……..! Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?! Менің тілегім. Осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын! Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін! Әкең мен шешеңді қалай құрметтеген болсаң, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!
Пайдалы сілтемелер:
Міне, бүгін қызымыз ата-ана ұясынан ұшып, жүрегінің қалауымен өмірлік серігі ……(аты) қол ұстасып, қызығы мен қиындығы қатар үлкен өмір жолына аттанды. Сөйтіп ата-анасының өрісін кеңейтті.
Отбасын құру – үлкен абыройлы іс. Абыройлы іске биік рух керек. Барған жеріңде бағың ашылсын, шаңырағың биік, босағаң берік болғай!
Екеуің қазақтың үлгі тұтар отбасына айналыңдар!
Тойшы қауымға айтарымыз, келген қадамдарыңыз құтты болсын. Той сіздерге жұғысты болсын, ылғи тойда кездесіп жүрейік.
Кеше ғана жүргендейсің балапандай бүлдіршін,
Білім алып, бой жетіп, ой түзедің.
Қанатың қатып, ұшып кеттің ұяңнан,
Қимастықтан ауырды менің жүрегім.
«Қыз – өрісің», «жат жұрттық» деген сөз бар,
Теңіңді таптың жүректен шыққан тілек бар.
Ақылды бол, еркелікті қоярсың,
Бір отаудың келіні сен боларсың.
Енеңді – анам, атаңды – әкем деп ойла,
Барған жерің – өз жұртыңдай сен сыйла.
Сонда ғана жағарсың сен еліңе,
Кір келтірме өзіңнің туған жеріңе
Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағар,
Кешірімді, кішіпейіл болыңдар.
Аналық жүректен шыққан ақ тілегім,
«Қабыл болсын» деп Алладан тіледім.
Бір Алла тіл-көзден өзі сақтасын,
Жолдарың ақ, түзу болып басталсын.
Екі жасқа арналған осы ақ тілек,
Періштенің құлағына шалынсын.
Құрметті қонақтар, қадірлі ағайын-туыстар!
Бүгін біз үшін көңіл аса алабұртқан күн. Көңіл – қызымыз теңін тапты, отауын тігіп жатыр деп, қуаныштан шалқиды, көңіл – әлпештеп өсірген қызымызды қимастықтан толқиды. Бұл – қыз ұзатқан әрбір ата-анаға тән, осында отырған талайыңыз бастан кешкен сезім. Осындай сәтте балаңның дүниеге келген кезінен бастап өмірде өткеннің бәрі кино сияқты көз алдыңа келеді екен. Дүниеге ұрпақ келді деп ата-аналарымыздан бастап бәріміз қуанғанымыз, Қызылордадағы туыстарға сүйінші хабар айтқанымыз, баланың тәй-тәй басқаны, былдырлап сөйлегені, «ата», «әже», «мама», «папа» деген алғашқы сөздері ыстық, ортақ қуанышымыз болған еді. Қазақтың салты бойынша алғашқы бала үлкендердікі саналады емес пе. Қызымыз екі жақтың – отағасының Қызылордадағы ата-анасының, Алматыдағы менің ата-анамның еркелеткен ортақ қыздары болды. Бүгінгі қуанышқа қатысып, міне, баталарын беріп отыр. Олардың енді шөбере сүйген қызықтарын көруін тілейміз. Енді бірер сөзді құдаларға арнайын. Құдағи қызымызды өзінің қызындай қарсы алады деп сенгіміз келеді. Қызымыздың қадамы құтты болып, үйлеріңізге ырыс ала кірсін. Екі баламыздың қызықтарын бірге тойлап жүрейік, біз де ата-әже болайық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?