Қыз ұзату тойында әке тілегі мен батасы


Қадірлі халайық, тойшы қауым, құда-жегжаттар, ағайын-туыстар!
Адамның бір қызығы бала деген дана сөз бүгін бәріміздің басымызды тойда қосып отыр. Қызымыз өрісін тапты, құда-жегжатты болып жатырмыз деп анасы екеуміз қуансақ, немереміздің тойында отырмыз деп ата-аналарымыз қуанышты.
Ата-ана демекші, біз оқу бітірген соң Алматыда қызметке қалдық, қыздарымыз осында дүниеге келді. Менің ата-анам, туыстарым Қызылордада тұрды. Сондықтан қыздарымыз нағашы ата-әжелеріне жақын болып өсті. Балаларымыздың қамсыз өсуіне, өзіміздің алаңсыз қызмет етуімізге бұл кісілердің көмегі көп тиді, әлі тиіп келеді. Тілеуқорымыз. Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең демекші, бүгінгі тойда үлкендердің отыруы той сәнін келтіріп тұр, ол кісілердің көретін қызығы көп болсын деп тілейміз.
Екі жасқа айтарым, біз бір баламыз екеу болды деп қуанып отырмыз. Әке жүрегі қимайды, қызғанады, алаңдайды, бірақ жастардың келешегі бақытты болады деген сенім бізді марқайтады. Адам ұрпағымен жасайды, ұрпақты болыңдар, айналайын.
Жастардың бақытты болуы ата-аналар бізге де көп байланысты. Татулық болса төбедегі келеді дегендей, бүгінгі тойды қалай қуанып бірге өткізіп отырсақ, қалған өмірде де қуанышымыз осындай ортақ бола берсін. Арамызда тек сыйластық, құрмет жүрсін. Жастарға үлгі деген осы.
Тойға келіп отырған ағайын-туыстарға, дос-жаранға, әріптестерге қуанышымызды бөліскендері үшін алғысымыз шексіз. Көптің тілегі көл деген, тілектеріңіз қабыл болсын, ағайын.



Суырылып шықтың, қызым, өзегімнен,
Суынып кетпе жырақ өз еліңнен.
Бақытың берген шығар тізгініңді,
Бақытың келген шығар кезегімен.
Тұр міне, ұлы өмірің басталғалы,
Еркіндік, еркелігің тасталғалы.
Көтеріп жас отаудың керегесін,
Бірлесіп жанұяның бастар шағы.
Тілегі ата-анаңның тағың болар,
Батасы ел-жұртыңның бағың болар.
Ойланып ақылыңмен жүрер болсаң,
Құдайым ниетіміз қабыл болар.
Сағаңмен сарапқа түс күнім еркем,
Анаңмен бірге қалсын еркелігің.
Ата-анаңның үмітін ақта жаным,
Барған елде сыйлы бол, бақытты бол!


Пайдалы сілтемелер:



Құрметті халайық, бүгін біздің қуанышымызды бөлісуге келіп отырған ағайын, туыс, бауырлар!

Құрметті құда-құдағи! Сөзімнің бірінші бөлігін сіздерге арнағым келеді!

«Біздің еккен дәніміз пісті. Үйімді жарық еткен нұрым, жүрегімді тербеген жырым, ана – жұмыртқасын жарып, ақ құсқа айналып, көрші бәйтерекке ұя салмаққа ұшып барады деп ойлаймын.

Әлемде әке үшін өзінің қызынан асқан сұлу қыз жоқ. Менің қызым өзім үшін – «Тау Баян деп жаңғырады, өзен Баян жеп ағады, орман-тоғай Баян деп шулайды» деп жар салатын Қозы Көрпештің Баянынан да асқан сұлу. Ер Тарғынға тар жерден жол тауып берген Ақжүніс арудан да өткен ақылды! Әйткенмен, Қобландының Қыз Құртқа баптап –жаратқан қырық күндік кемдігі бар Тайбурыл –тұлпары сынды өмір-тәжірибесі әлі жеткіліксіз, аз. Ендігі кемдігін өзің толтыр, құрметті құд-құдағиым!

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, күнге күйдірмей, суыққа тоңдырмай бой жеткіздім, өсірдім. Ендігі жерде Еңлікгүлімнің сүйегі – менікі, еті – сіздікі. Менен - өтті, Сізге- жетті. Қыз бала - өзге елдің аманаты. Өзге ел – Сіз үшін асырап-жеткерген көзімнің нұры, бауыр еті баламның ендігі жердегі тағдырын сізге аманаттаймын, құрметті құда-құдағи!

Бұдан былайғы жерде обалды мен сауабы да, қызығы мен рахаты да Сіздің босағаңызда, құрметті құда-құдағи!

Менің мәпелеп өсірген аппақ гүл-қызым! Ендігі жердегі тілегім саған арналады. «Қыз бала – қонақ» деген осы екен. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді. Өйткені, өз қалауыңмен тең қосағыңды тауып, бақытты сапарға шығып барсың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым – күйеу балам екеуіңе бар айтар тілегім; қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар. Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым; сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды - бұлт, бауырыңды мұз шалмасын!

Бақытты болыңдар!
Қыдыр ата болсын балам жолдасың,
Көкірегің елдің күйін толғасын.
Атқан таңың бағыңды ашып әрдайым,
Ата бабаң әруағы қолдасын!

Ашық болсын аспаның мен айналаң,
Ардақтасын ақ орамал байлаған.
Таң сәріде тілек тіле Тәңірден,
Тартынбасын қолыңды енді жай балам!

Әумин!

Болған едім сырласың да, ақылшың,
Деуші ең әркез - Әке, қымбат, жақынсың.
Балдәуренің бойжетті де бір күнде,
Туған үйден ұзап бара жатырсың.

Өмір деген - ойлағанға өр теңіз,
Балалығың, бал қылығың - көркем із.
Есейіпті Әкесінің алдынан
Кеше күліп жүгіретін ерке қыз.

Сырғиды екен көз ілеспей уақыт тым,
Сен деп мына өмір дәмін татыппын.
Жарыңменен қол ұстасқан сапарың
Апарсыншы айдынына бақыттың!

Тоқтамасын сол сапарда өр кемең,
Бірге күліп, бірге қуан елменен.
Шұғылалы, мынау ғажап дүниеге
Сен бақытты болу үшін келген ең.

Сыңарыңмен қол ұстасқан бүгінің
Жалғастырсын ертеңіңнің ғұмырын.
Бірге бөліс қиындығын өмірдің,
Бірге қадас отауыңның уығын.

Тілегі осы саған айтар Әкенің,
Бойға жима жат қылықтың бөтенін.
Ұғына біл мына өмірде алдымен
Жар болудың биік ұғым екенін.

Қызға міндет өмір осы жүктеген,
Сені алдан тосып тұрсын құт-мекен.
Буалдыр боп кетті Әкеңнің жанары,
Менен гөрі қайта анаң мықты екен...
Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен
Пікір жазу
Пікірлер 6
  1. Оқырман Бибігүл
    1 + 1 -
    Маған сіңіліме тойға құттықтау тілек керек еді
  2. Оқырман Бибігүл
    1 + 1 -
    Маған сіңіліме тойға құттықтау тілек керек еді
    1. сіңіліме тілек тойға
      1 + 1 -
      Автор: Жібек Ысқақова
      Бағың жансын сіңілім!
      Ұзатылып барасың,
      Бағың жансын сіңілім.
      Жаратқаным жар болып,
      Ұзақ болсын ғұмырың.

      Бақытты бол жарығым,
      Қол ұстасып жарыңмен.
      Мәңгі бірге болыңдар,
      Арайлы атар таңыңмен!

      Тамыр жайып, өркенде,
      Орындалып арманың.
      Сыйластықта өмір сүр,
      Қасыңда боп жан-жарың!
  3. Гулдерайым
    Гулдерайым 02.08.2021 12:26
    2 + 3 -
    Сәлеметсіздерме!Маған қайынсіңіліге арналған ұзату тойына жақсы тілектер және апарған затын жинағанда айтатын тілектер керек болып тур
  4. Оқырман Шолпан
    Оқырман Шолпан 07.06.2021 07:42
    1 + 1 -
    Рахмет! Барлық тақырыпқа жақсы тілектер бар екен.
  5. Гена
    Гена 10.01.2021 16:34
    2 + 0 -
    Той құтты болсын