Кішкентай балаларға арналған тақпақтар (2,3,4,5 жас)

Кішкентай балаларға арналған тақпақтар (2,3,4,5 жас)

Сіздерге балаларыңызға, яғни 2 жас, 3 жас, 4 жас немесе 5 жастағы сүйікті балаңызға арналған әр-түрлі тақырыптағы тақпақтар жинағын ұсынамыз.


Мазмұны:



Кішкентай бала

Мен кішкентай баламын
Кітап оқи аламын.
Дәптер, қалам, сызғышты
Сөмкеме өзім саламын.


Бөпешім

Әлди, әлди бөпешім,
Жат бесікте көкешім.
Неге жылай бересің,
Ертең-ақ жүріп кетесің.


Қуыршақ

Қуыршақ, қуыршақ,
Таза суға жуынсақ.
Қол ұстасып, дос болып,
Бақ ішінде қыдырсақ.


Мысығым

Мысығым, кел, кел маған,
Сүт берейін мен саған.
Ит кеп қалса, қорғаймын,
Көтерейін, сен маған.


тақпақтар, тақпақ, балалар, 2 жас, 3 жас, 4 жас, 5 жас, кішкентай

Сабақ

Жазғы демалыс бітіпті.
Бірінші қыркүйек жетіпті.
Сабақ қызық болған соң,
Барлық бала келіпті.


Бұзау

Тентек болма, ақ бұзау,
Еріншек болма, ақ бұзау.
Кең далада сенімен,
Жарысып мен жүгірем.


Ала мысық

Ала мысық тырнама,
Тырнағаның бола ма?
Ұстайыншы қолыңнан,
Ойнайық, ер соңымнан.


Әдептілік

Біз әдепті баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Үлкендерге жол беріп,
Біз ақылды боламыз.


Наурыз-ай

Наурыз-ай, наурыз-ай,
Тәтті көже бересің.
Қарнымыздың тойғаны-ай,
Кетпейді әлі елесің.


Күшігім

Күшігім менің келе ғой,
Құшағыма ене ғой.
Мойныңа бау тағайын,
Ойынға ертіп барайын.


Мұғалім

Мұғалім біздің анамыз,
Анамызды сыйлаймыз.
Айтқан ақыл, білімін
Ықыласпен тыңдаймыз.


Гүлдер

Гүлім, гүлім, өсе бер,
Әдемі боп, асыл боп.
Күндей жайнап кете бер,
Қызыл, сары, жасыл боп.


Ер жетсек

Нан жесеңдер балалар,
Үлкен болып өсесің.
Сүт ішсеңдер, балалар,
Тезірек ер жетесің.


Ойыншықтар

Ойыншықтар көп екен,
Бірге ойнайық, балақай.
Көгорай шалғын көк екен,
Жарысайық, алақай!

 Ойын

Ойын маған ұнайды,
Көп ойнауға болмайды.
Күні бойы доп қусаң,
Ақыл-білім қонбайды.


тақпақтар, тақпақ, балалар, 2 жас, 3 жас, 4 жас, 5 жас, кішкентай


Құлыншақ

Құлыншақ, құлыншақ,
Шапқылайсың даламен.
Дос болсайшы құлыншақ,
Мен сияқты баламен.


Көктемде

Бүршік жарып ағаштар
Құстар ұя салады.
Сылдыраған бұлақтар
Ағып бара жатады.


Балықтар

Су астында балықтар
Сазан, шортан, бекіре,
Неше түрлі балық бар
Шошытасың секірме.


Туған күн

Туған күнім бола берсе,
Қуанамын күнде мен.
Үйге қонақ тола берсе.
Шай жасауға үлгерем.


Аяз Ата

Жаңа жыл келгенде
Қуанып қарсы аламыз.
Аяз Ата келгенде
Билейміз, ән саламыз.


Машина

Үлкен болып өскенде
Машина алам мен де.
Бірақ ол үшін әрине
Оқу керек күнде де.


Ақша қар

Ақша қар, ақша қар,
Аппақ болып қонасың.
Тоса қалсам қолымды
Алақаныма толасың.


Сиыр

Көк сиыр бұзау туғанда,
Қамап қойдық қораға.
Көк сиыр тұрды мөңіреп,
«Қайда менің балам», — деп.


Ағаш егу

Жақсылықты қолдаймыз,
Табиғатты қорғаймыз.
Гүл егеміз бақтарға,
Айналасын қоршаймыз.


Табиғат

Табиғат біздің анамыз,
Жер–Ана біздің панамыз.
Таза болса табиғат
Біз де аман боламыз.


тақпақтар, тақпақ, балалар, 2 жас, 3 жас, 4 жас, 5 жас, кішкентай

Мен жерімді сүйемін

Мен жерімді сүйемін,
Жеріме дән себемін.
Ауа таза болсын деп,
Жылда ағаш егемін.


Құстар

Құс ұясын бұзбаңдар,
Балапанын алмаңдар.
Құстар біздің досымыз,
Обалына қалмаңдар.


Лагерь

Біз лагерьде демаламыз, ойнаймыз.
Неше түрлі қызықтарға тоймаймыз.
Жүгіреміз, секіреміз жарысып,
Ән саламыз, би билейміз майысып.
Сонда ылғи біз жеңеміз ұлдарды!
(қыздарды!)


Туған жер

Кең далада жүремін,
Бауырында ойнап күлемін.
Мен жерімді сүйемін,
Ол үшін отқа түсемін.


Көктем

Көктем болды алақай,
Қуанар барлық балақай.
Көктемде жаңбыр болады,
Бақшаға гүлдер толады.


Кітап

Кітап деген басыңдағы білімің,
Кітап деген ақыл, ойың, ілімің.
Кітаппенен дос болыңдар, жыртпаңдар,
Жерде жатса көтеріп қой, баспаңдар.


Ана

Ана деп күнде ән салам,
Ауылға бүкіл жар салам.
Қуанту үшін анамды
Күнде-күнде «бес» алам.


Ту

Көгілдір туым желбіре,
Биіктерде қалықтап.
Туым үшін мақтанам,
Әнұраным шарықтап.


Наурыз көже

Наурызда бәріміз
Әткеншек тебеміз.
Жасымыз, кәріміз,
Көп көже ішеміз.


Жаз

Жаз келді алақай,
Ойнаймыз далаға-ай.
Қамалып отырмай
Жүріңдер, балақай.


Күшік

Күшігім менің, күшігім,
Үй күзетер пысығым.
Үргені де шамалы,
Тамақ берсең болғаны.


Табиғат

Бұтақтарды сындырмай,
Тазалықты сақтайық.
Гүл өсіріп, су құйып,
Табиғатты қорғайық.


Тәуелсіздік таңы атты

Тәуелсіздік таңы атты,
Барлық әлем жаңарып.
Осы тұрған халқыма
Бейбітшілік орнады.


Біздің сынып

Біздің сынып әдепті,
Бәріне көмек береді.
Біздің сынып әрқашан
Жетістікке жетеді.
Біздің сынып қашанда
Алғашқы боп жүреді.
Мұғалімдер барлығы
Бізді мақтан етеді.


Анама

Мәпелеп мені өсірген
Ризамын мен өзіңе.
Ана деген керемет,
Сыйлап өтем өмірде.



тақпақтар, тақпақ, балалар, 2 жас, 3 жас, 4 жас, 5 жас, кішкентай

Кітап

Кітап оқу бұлағым,
Оқытатын ұстазым.
Кітапта бар даналық,
Оқып біліп алайық.


Анама

Анамызды сыйлайық,
Жақсы оқушы болайық.
Үздік оқып сабақты,
Кілең бестік алайық
«Күншуақ» газетіне
Күн нұрындай жарқырап
Шуақ шаштың, «Күншуақ».
Білімнің биік төріне
Бұлақ аштың, «Күншуақ».
Әрбір бетің бір әлем,
Қызыққа толы «Күншуақ»,
Бар балаға жақынсың,
Жарқырай бер, «Күншуақ».

Ана саған көп рахмет
Жан балам деп еркелеткен,
Бесікте бізді тербеткен
Ардақты да аяулы
Ана саған, көп рақмет!


Анамның әні

Анамыздан тыңдадық
Әсем әнді әуелі.
Әлди, әлди, әлди-ай
Әсем әні анамның.


Анашым

Аялаған анашым,
Мәпелеген анашым.
Менің саған тілегім
Қартаймашы анашым


Сейтмағанбетова Жұпар Баймұқашқызы
Бастауыш сынып мұғалімі


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала жүктелуде...