Балабақшаға арналған тақпақтар


балабақша, тақпақтар, тақпақ, балалар

Балабақшадағы балаларға арналған өлеңдер, тақпақтар жинағын ұсынамыз


Кітап
Кітап деген басыңдағы білімің,
Кітап деген ақыл, ойың, ілімің.
Кітаппенен дос болыңдар, жыртпаңдар,
Жерде жатса көтеріп қой, баспаңдар.



Ана
Ана деп күнде ән салам,
Ауылға бүкіл жар салам.
Қуанту үшін анамды
Күнде-күнде «бес» алам.



Ту
Көгілдір туым желбіре,
Биіктерде қалықтап.
Туым үшін мақтанам,
Әнұраным шарықтап.



Наурыз көже
Наурызда бәріміз
Әткеншек тебеміз.
Жасымыз, кәріміз,
Көп көже ішеміз.



Туған жер
Кең далада жүремін,
Бауырында ойнап күлемін.
Мен жерімді сүйемін,
Ол үшін отқа түсемін.



Көктем
Көктем болды алақай,
Қуанар барлық балақай.
Көктемде жаңбыр болады,
Бақшаға гүлдер толады.



Жаз
Жаз келді алақай,
Ойнаймыз далаға-ай.
Қамалып отырмай
Жүріңдер, балақай.



Күшік
Күшігім менің, күшігім,
Үй күзетер пысығым.
Үргені де шамалы,
Тамақ берсең болғаны.



Табиғат
Бұтақтарды сындырмай,
Тазалықты сақтайық.
Гүл өсіріп, су құйып,
Табиғатты қорғайық.



Тәуелсіздік таңы атты
Тәуелсіздік таңы атты,
Барлық әлем жаңарып.
Осы тұрған халқыма
Бейбітшілік орнады.



Біздің сынып
Біздің сынып әдепті,
Бәріне көмек береді.
Біздің сынып әрқашан
Жетістікке жетеді.
Біздің сынып қашанда
Алғашқы боп жүреді.
Мұғалімдер барлығы
Бізді мақтан етеді.




Анама
Мәпелеп мені өсірген
Ризамын мен өзіңе.
Ана деген керемет,
Сыйлап өтем өмірде.



Кітап
Кітап оқу бұлағым,
Оқытатын ұстазым.
Кітапта бар даналық,
Оқып біліп алайық.



Анама
Анамызды сыйлайық,
Жақсы оқушы болайық.
Үздік оқып сабақты,
Кілең бестік алайық
«Күншуақ» газетіне
Күн нұрындай жарқырап
Шуақ шаштың, «Күншуақ».
Білімнің биік төріне
Бұлақ аштың, «Күншуақ».
Әрбір бетің бір әлем,
Қызыққа толы «Күншуақ»,
Бар балаға жақынсың,
Жарқырай бер, «Күншуақ».

Ана саған көп рахмет
Жан балам деп еркелеткен,
Бесікте бізді тербеткен
Ардақты да аяулы
Ана саған, көп рақмет!



Анамның әні
Анамыздан тыңдадық
Әсем әнді әуелі.
Әлди, әлди, әлди-ай
Әсем әні анамның.



Анашым
Аялаған анашым,
Мәпелеген анашым.
Менің саған тілегім
Қартаймашы анашым




Ағаш егу
Жақсылықты қолдаймыз,
Табиғатты қорғаймыз.
Гүл егеміз бақтарға,
Айналасын қоршаймыз.



Табиғат
Табиғат біздің анамыз,
Жер–Ана біздің панамыз.
Таза болса табиғат
Біз де аман боламыз.



Мен жерімді сүйемін
Мен жерімді сүйемін,
Жеріме дән себемін.
Ауа таза болсын деп,
Жылда ағаш егемін.



Құстар
Құс ұясын бұзбаңдар,
Балапанын алмаңдар.
Құстар біздің досымыз,
Обалына қалмаңдар.



Лагерь
Біз лагерьде демаламыз, ойнаймыз.
Неше түрлі қызықтарға тоймаймыз.
Жүгіреміз, секіреміз жарысып,
Ән саламыз, би билейміз майысып.
Сонда ылғи біз жеңеміз ұлдарды!
(қыздарды!)



Бағдаршам


Ашса кезек үш көзін,
Айтты деп ұқ сөзін:
«Тоқта!
Сақтан!
Жол ашық!
Жүрме жолға таласып»,
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда,
Өте бергін, жасқанба!
Көзін ашып-жұмады,
Бағыт сілтеп тұрады.

Ә.Табылдиев




Жолдар

Поезд мінесің,
Темір жол мен жүресің.
Кеме мініп,
Көк теңізді тілесің.

Самолетпен самғап ұшып аспанға,
Әуе жолы болатынын білесің.
Асфальтта автобуспен зымырап,
Алыстарға жол шегесің тым ұзақ.

ӘДуйсеков



Күн

Кең аспан ғой Ай, Күннің
Қашаннан-ақ тұрағы.
Кейде сол Күн Айгүлдің
Көзінде де тұрады.

Кейде кіріп бөлмеме,
Ол ойнайды айнада.
Шомылады көлге де,
Шуақ шашып қайда да.

С.Оспанов




Жақсы адам боп шығамыз

Бізге тәртіп үйреткен,
Ән салдырып, билеткен,
Таныстырған ең алғаш
Әріптермен, суретпен, —
Тәрбиеші тәтеміз.
Доспен тату ойнауды,
Мерекені тойлауды,
Бойымызға сіңірген
Көптің қамын ойлауды

Тәрбиеші тәтеміз.
Жақсылыққа құмармыз,
Жақсы адам боп шығамыз,
Таза сәби жүректен,
Қабылдаңыз мың алғыс,
Тәрбиеші тәтеміз.

О.Асқар



Тәй-тәй қуыршақ

Жуынбайды жуынсақ,
Бұл не деген қуыршақ?
Тығылмайды тығылсақ,
Бұл не деген қуыршақ?
Бір, екі, үш, төрт, бес,
Қуыршақтың тұсауын кес,
Қуыршағым қаз-қаз,
Қыдырайық аз-маз.

Ү.Есдәулет



Кім немен ойнайды?

Теңізші болатын бала,
Бұлақпен ойнайды.
Емші болатын бала,
Сынаппен ойнайды.
Батыр болатын бала
Қынаппен ойнайды.
Жарықты жағатын бала,
Шырақпен ойнайды.
Шопан болатын бала,
Қозы, лақпен ойнайды.
Диқан болатын бала,
Топырақпен ойнайды.
Ғалым болатын бала,
Кітаппен ойнайды.

М.Хакімжанова


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала жүктелуде...