Cәбит Мұқанов (Оң сапарға)

 Cәбит Мұқанов (Оң сапарға)

Өмірдің білмейтұғын балын, тұзын,
Талдырмаш орта бойлы, шашы ұзын,
Бұралған талшыбықтай еркек-шора
Мұсайттың сәби мінез бір жас қызын,-
Сендім де айтысқан сөз, алған қолға,
Бірлесіп сапар шектім жырақ жолға,
Ұядан ұша сала дірілдейді,
Дегендей, «бұл сапарым теріс пе, оң ба?»
Менімше, бұл оң сапар, оған куә,-
Азбаған ар-ұятым өзім туа.
Сан рет опасызды қарғағанмын
Мақалмен деп, «жолыңа бітсін жуа!»
Адаммен жаным қас та түсін сүйген,
Жаным дос та адаммен ішін сүйген,
Таныған сүйегімді бұл жас жанды,
Жалған емес жүрекпен шын сүйгем.
Себеп бар әрбір түрлі көріністе,
Бұл қызды бір дос алғаш түсірді еске.
Арада дәнекер боп тағы да ол,
Оңаша жолықтырды бір күн кешке.
Жаз күні жапырақты орман іші...
Келеді маған беттеп екі кісі,
Біреуін тани кеттім... енді бірі
Талдырмаш жас қыз екен... құп-қу түсі!..
Таныстың беті-көзі күлімдеп тұр...
Жас қыздың тұлабойы дірілдеп тұр.
Қолын алсам қызуы оттан ыстық,
Ұялшақ көз «апыр-ау, бұл кім?»- деп тұр.
Қыз ұнап, бойым еріп бара жатыр...
Еркекте «иман» жоқ қой, «діні» батыл,
Тосаңсып алғаш мен де тұрғанменен,
Сөзімді сыпайылап айттым ақыр.
Лып ете қалды сонда қыздың беті,
Лаулаған жалын болып кетті еті...
«Ағатай, ойланайын» деген сөзге,
Көп тұрып, әрең жетті құдіреті.
Мен оған «қарындасым, болсын» дедім...
Тишытпай жүрегімді сол сыр менің,
Кездескен сайын оған сәті түсіп,
Орнына бәсеңдеудің өрши бердім...
Ақыры жетті қолым «жарайдыға»...
Көрген кез, бұл жыныстан талайды да,
«Ендігі жан жолдасым осы болар»-
Дей беред, кескініне қарайды да.
Кеңілім осы сөзге қалды ұйып,
Алдында ар-ұяттың неке қиып,
Қосылып серт байластық, енді ешкім
Төбеден айыра алмас алтын құйып.
Жүректің айтам мұны адалымен
Айтпаймын опасыздық «амалы» мен,
Саған да уәде берем, есіруге
Ең таза коммунистік мораліммен.
Арада сыр осылай ақтарылды.
Сенді де серік боп ол атқа мінді...
Пойызға әкеп салған Ғаббасқа мен,
Жолдадым сәлем етіп мақтанымды:
Ағатай серт сөзімді елге апар!
«Жақсы сөз, жарым ырыс»- ел қуантар.
Менің сертім осылай, сен де тіле
Болғай, деп екеуіне бұл оң сапар!»

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!