Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иманым)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иманым)

(70 жасымда жазылған)

Алтындай қызыл арақтың,
Асылын әкел, аяқшы-ай.
Анық сырын әлемнiң,
Аша алмаймын мас болмай.

Тынымы жоқ айланған,
Сөтке, жұма, жыл мен ай.
Өлшеуге басы байланған,
Айланып жүр адаспай.

Күннiң бетi жылынып,
Апрель өтiп, туды май.
Сүт сорғалап, төл туып,
Ойнақтады құлын, тай.

Жасыл маңлық киiндi,
Кебiнiн тастап тау мен сай.
Өлген жер де тiрiлдi,
Күлiмсiреп гүл жайнай.

Айна мөлдiр асау су,
Ағындап жердi жорғалай.
Бейiске кiрiп салды ду,
Жан-жануар көңiлi жай.

Қызыл гүл арбап бұлбұлды,
Қоя ма көзiн байламай.
Сиқырға басы iлiндi,
Шыдасын қайтiп сайрамай.

Жан қиысқан асықтар,
Жарын iздеп зарламай.
Өзге ойында несi бар,
Бiрiн-бiрi арбамай.

Өзгермейтiн нәрсе жоқ,
Айланған соң арбадай.
Жыл дегенi минут боп,
Өткенiн қалдым барламай.

Жаз ауысып, күз болды,
Әлемдi басты басқа түр.
Шөп қуарып, гүл солды,
Мұңайып, кейiп бұлбұл жүр.

Жан-жануар жабығып,
Жердiң жүзi өңсiз сұр.
Қабағы түсiп қамығып,
Бәрi өлiмдi күтiп тұр.

Мейлi жәндiк, мейлi шөп,
Тiршiлiктiң бәрi бiр.
Өмiр үш-ақ буын боп:
Қуан, суал, көрге кiр!

Мисыз құлақ тыңдаса,
Мылжыңдаған бұл бiр жыр.
Ақылға салып шындаса,
Ашылды, мiнi, анық сыр.

Әлемнiң сыры ашылса,
Асқақтамай мойын бұр.
Аптыққан жүрек басылса,
Араққа мас бол, жатпа құр.

Күндегi таныс күн мен түн,
Жалықтым мұнан, кетемiн.
Қайта-қайта бiр ойын,
Ұялмай ойнап нетемiн.

Өзгермейтiн өлмейтiн,
Өмiрдi талап етемiн.
Қайталап ойын көрмейтiн,
Қызыққа түпсiз жетемiн.

Терiс десең дәлел сал,
Түзу көрсең ұғып ал.
Кетпей тұрып сұрап қал,
Мен өлiкке тетемiн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!